Атырау облысында шегіртке қаптады. Зиянкес шабындық пен егістікті отап жатыр. Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға мен Махамбет аудандарында жағдай қиын. Дабыл қаққан шаруалар биліктен көмек сұрап, залалсыздандыру жұмыстарын күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аптап ыстықта шамадан тыс қаптаған шегіртке Атыраудағы егін шаруашылығына зиян келтірген. Шаруа Сандуғаш Жармұхамбетованың айтуынша, зиянкес бау-бақша өнімдерінің түгін қалдырмаған. Шарасыз күйге түскен шаруа билік мәселеге араласпаса, күзде өнімсіз қалатынын айтты.
– Биыл шегіртке ауданды басып алды. Қияр, сәбіз, пияз, қарбыздың бәрін жеп қойды. У шаштық, бірақ қайта пайда болды. Қалай күресу керек екенін білмейміз? Үкімет тарапынан көмек керек, – деді шаруа Сандуғаш Жармұхамбетова.
Қара бұлттай қаптаған қара шегіртке егістікті қойып, қаланы тұтас жаулап алған. Атыраулықтар есік-терезе ашудан қорқады.
Шегірткенің шамадан тыс көбеюуіне өр суы мен аптап ыстық себеп көрінеді. Өңірде жәндіктің италяндық прус және азиялық түрлері кең тараған. «Зиянкестермен күрес жұмыстары басталды» деген жергілікті билік биыл бюджеттен 58 млн теңге бөлінгенін алға тартты.
– Шегіртке тұқымдастарының даму циклының шарықтау шегіне жетуіне байланысты зиянкестер көбейіп кетті. Екіншіден, биылғы өр суының көптеп келуі. Олардың таралу ариялын азайтып, сол себептен қалаға жақын жерлерде, елдімекендердің ішіне кіріп, қолайсыздық тудырып жатыр, – деді Антисанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Хамидолла Дәулетқалиев.
Үйірлі шегірткелер далалық аймақта дернәсіл салатын жақсы мекен іздейді. Мамандардың айтуынша, олар таңдаған жер – табиғи тыңайтқыш. Биыл шегіртке жеген жерге келер жылы шөп шүйгін шығады деген сөз.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Астанада рұқсат етілмеген 400-ден астам қоқыс орны анықталды