Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын қадағалау қалай жүргізіліп жатыр

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото
Елде көкөніс сақтайтын қоймалар салу жоспарланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде соңғы бір жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құны 10,6 пайызға өсті. Соның салдарынан қазақстандықтардың тамаққа жұмсайтын шығыны едәуір артқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азық-түлік, тұрмыстық заттар, киім-кешек, құрылыс тауарлары. Аталған өнімнің барлығын Наурызбай ауданының тұрғындары «Таусамалы» сауда орталығынан алады. Алайда, арзан деп келген базарда да баға өршіп тұр. Сондықтан қала билігі мәселені бірден қолға алып, аудан әкімдігі қызметкерлері саудагерлермен белсенді түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде ет, сүт, қант, қарақұмық, сұйық май, нан және көкөніс бағасы біршама төмендеген.

– Әрине, бағасын түсіріп береміз. Қатып қалған баға жоқ. Жұмсақ етті 3 мың теңгеден береміз. Біз үстіне 15 пайыз қосамыз, – деді сатушы Қарлығаш Естілеуова.

– Міне, пиязды 180 теңгеден алып, 200 теңгеден сатып жатырмыз. Биыл картоп - 250, сәбіз - 170, пияз - 200, орамжапырақ 200 теңгеден сатылады, – деді сатушы Айман Сәрсенбаева.

Айта кетейік, саудагерлер әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың құнын бастапқы бағадан 15 пайыздан артық қымбаттатпауы қажет. Егер ереже еленбесе, жауапкершілік қарастырылған.

Жергілікті саудагерлердің айтуынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны биыл айтарлықтай арзандаған. Бұған дейін пандемия кезінде және одан кейінгі кезеңде бағаның көтерілгені бәрімізге мәлім. Мәселен, былтыр дефицит болған қант келісіне 700 теңгеге дейін саудаланған еді. Ал биыл бағасы - 390 теңге. Оның өзін сатушылар 380-ге алып, үстінен 10 теңге ғана пайда көріп отыр.

Мониторингтік топ өкілдері базардан анықталған олқылық жайлы қалалық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарлайды. Ал бұл мекеме өкілдері сатушыларға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға құқылы.

– Біз тексеріп, сауда департаментіне ресми хат түрінде жібереміз. Олар алған фото, жазбалар арқылы шешім қабылдайды, – деді Наурызбай аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің маманы Айбек Әуесханов.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы өткен аптада ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны 0,2 пайызға қымбаттағанын айтқан еді. «Бұл диқандардың нарықты толық қамтамасыз ете алмауынан және делдалдардың кесірінен болып отыр» дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі.  

– Оңтүстік Қазақстаннан немесе Қызылордадан күрішті немесе тағы да басқа тауарды жеткізу үшін оған сәйкесінше логистикасы болуы керек. Қазіргі таңда фермерлерде көлік жоқ. Сондықтан олар деладалдарды қолданып отыр. Ал 2-3 қолдан өткен жағдайда әр делдал тиісінше маржасын қоса бастайды, – деді «АТАМЕКЕН» ҰКП Наурызбай аудандық филиалының басшысы Мақсат Сералы.

Қазір қаланың 8 ауданында азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

– Жағдайы төмен, қарт кісілер, көпбалалы аналар бар. Сол кісілерге қиындық тудырмау үшін базарлар мен дүкендердің ішінде сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауды қадағалап, жұмыс жүргізіліп, қамтылды, – деді  Бостандық аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айымбет Оқашев.

Қымбатшылық қамытын шешу үшін қазір елде көкөніс сақтайтын қоймалар салу жоспарланған. Сондай-ақ Сауда министрлігі алдағы уақытта картоп, пияз, орамжапырақ пен сәбіз қымбаттамайтынын алға тартып отыр. Өйткені, бұл өнімдерді үздіксіз жеткізіп отыру үшін арнайы келісімшарт жасалыпты. Ал мониторинг тобының мүшелері тұрғындардан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтағанын байқаса, бірден қалалық жедел желі нөміріне хабарласуды сұрайды.  

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров