Алматыда тұрғын үйлерге газ беріле бастады

09.02.2024 в 00:34

7 ақпанда 130 көпқабатты және 18 жеке үй көгілдір отыннан уақытша ажыратылған

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін құбырларда пайда болған ақаулар жойылып, тұрғын үйлерге газ беріле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеше шаһардағы 130 көпқабатты және 18 жеке үй көгілдір отыннан уақытша ажыратылған. Өйткені жерасты құбырынан саңылау анықталған.

– 7 ақпанда жер сілкінісінің салдарынан газ шығуын анықтадық. Қазір қауіпсіздікті сақтау мақсатында апатты жою үшін 130 көппәтерлі үй газдан ажыратылды, – деді «Қазтрансгаз аймақ» АҚ филиал басшысы Ақылбай Сапаров.

Сала мамандары жылжымалы зертхананың көмегімен саңылауды анықтап, жөндеуді таңертең бастаған. Себебі қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, түнгі уақытта жұмыс жүргізуге болмайды.

Айта кетейік, мегаполистегі газ құбырлары екі аптадан бері тексеріліп жатыр. Осы уақыт аралығында жерасты құбырларынан 15 ақау табылыпты. Оның он үші толығымен қалпына келтірілген. 

Оқи отырыңыз: Мегаполисте тұрғын үйлерге газ беру уақытша тоқтатылды