Бір жылда Астанаға 74 мың адам көшіп келген
Астанаға көшіп баратындар саны жыл санап артуда. Соңғы 1 жылда ерке Есілдің жағасындағы шаһарға 74 мыңға жуық адам қоныс аударған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азамат Айтхожиннің айтқан сөзі желіде желдей есіп жүр. Бас қаланың бүгініне қатты алаңдайтын мәслихат депутаты Астанаға ағылған көшті шектеу керек деп санайды. Оның айтуынша, елордаға қазір кім көрінген келетін болған. «Оларды тексеріп, қауіпсіздікті қадағалап жатқан ешкім жоқ» деп ашынған халық қалаулысы шаһардың кіреберісіне блок-бекет орнатуды талап етті.
– Санап тұрып айтсам, Астанаға бұзылған ет те, заңсыз есірткі де тасымалданып жатыр. Жұмыс іздеген жұрттың бәрі Астанаға келеді. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Блок-бекеттерді қойсақ, мәселені шешеміз. Сонда тәртіп, тыныштық болады, – деді қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтқожин.
Соңғы 1 жылда Астанаға 74 мың адам көшіп келген. Өңірлерден қоныс аударушылар саны 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға өскен. Көші-қон комитетінің дерегінше, елде ең көп мигрант тұратын шаһар осы елорда екен. Одан кейін үштікті – алып мегаполис Алматы мен Шымкент қаласы түйіндейді.
– Мегаполистер ішкі мигранттарды тарту орталықтары болып қала береді. Мәселен былтыр 9 айда Астанаға 74 мың, Алматыға 67 мың, Шымкентке 30 мың адам тұрақты тұруға келген. Елорда келушілердің саны бойынша басқа мегаполистерден көш бастап тұр. Бас қалаға қазір сұраныс жоғары. Бірі жұмыс іздеп, енді бірі тұрақты тұрғын ретінде келіп жатады. Бірақ бұдан келушілер санын шектеу мәселесін көріп тұрғаным жоқ, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев
Бас қаладағы адам саны қазір 1 млн 421 мыңнан асыпты. Бұл тек ресми дерек. Алғашқыда 2030 жылға дейін тұрғыны 1 миллионға жетеді деген шаһар бұл межені 13 жылға жетпей орындап тастады. Ел халқының шамамен 5 пайыздан астамы бүгінде ерке Есілдің жағасындағы елорда тұрғыны. Сұраныстың көптігі Астанадағы инфрақұрылым тапшылығын тудырды. Жазда сумен, қыста жылумен қамту - бас қала билігінің бас ауыртар түйткіліне айналды.
– 2023 жылы 1-2 ай су жетпеді. Бірақ 2023 жылы қажетті сорғы-сүзу станциясының құрылысы аяқталып іске қосылған соң, қазір қаламызда өсім болып жатыр. Шамамен бұл профицит 2027 жылға дейін жетеді, – деді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Есмағұлов.
Соңғы төрт жылда Астанаға көшіп келушілер көші күрт көбейген. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын бас қалаға 50-60 мың адам келеді. Ал күніне алыс-жақын елдімекеннен 150 мың тұрғын кіріп-шығады екен. Көпшілігі - жұмыс іздеп, нәпақа тауып жүргендер. 2030 жылға жетпей астаналықтар саны 2 миллионға жетеді деген болжам бар.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: СҚО-да көмір қымбаттады