Жергілікті билік елді мекенге су құбырын тарту ісін бюджетке енгізуді енді ғана қарастырмақ
Суы, жолы, жарығы жоқ қарабұлақтықтар қайтып күн көрер! Таза ауыз суды тасып ішіп, батпақ жолмен жүргеннен әбден мезі болған ауыл халқы жауаптылардың мұндағы өткір мәселелерге назар аударуын сұрайды. Ал, 10 шықырым жердегі қоқыс орнынан келетін қолаңса иіс қолқаны қабады дейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ елді мекенінде 400-ден астам отбасы өмір сүреді. 2017 жылы ауыл құрылып басталғаннан бері мұнда не су жүргізілмеген, не жол жасалмаған. Жанға батқан жайттарды жұрт жергілікті билікке үйіп-төгіп жеткізген. Алайда күні-бүгінге дейін оны елей қойған жан табылмапты.
«Біздің бәріміздің жанайқайымыз – жолдың жоқтығы. Жол жасалынбаған. Жауынды күндері көлік жүре алмайды, сондықтан балалар мектептен қалып жатады. Өзіміз батпаққа батып, не су әкеле алмаймыз. Су таситын көлік келмейді. Жедел-жәрдем Шақырсаң келеді, ана этажный үйдің жанында тұрып, балаңды алып кел, өзің ауырса сол жерде кел дейді», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Әйімхан Сүлейменова.
Бұл мәселелерді халық билікке талай рет айтыпты-ақ. Тек шенділердің шешіледі деп жылда берген уәдесінен де үміт үзгілері келмейді. Бірақ сарыла күтіп сарғаюға шақ қалдық дейді жұрт. Мәселен тіршілік нәрін тасып ішетін әрбір отбасы айына 6 мың теңге төлейді.
«Біз 4 жылдан бері осы жерде үй салып, жинап-тергенімізге үйге салып жатырмыз. Басында акиматтан бізге инфраструктураны жақсартып береміз деген уәделері болған. Соған сеніп келе жатырмыз. Әркім өзінің үйінің алдына мынадай тастарды төсеп, білгенімізше жасап жатырмыз. Свет, су, жол, интернет мәселесі үлкен», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Тұрсынбай Мәмбетоллаев.
Жергілікті билік елді мекенге су құбырын тарту ісін бюджетке енгізуді енді ғана қарастырмақ. Ал жол жайы биыл ретке келетінін айтты. 3 көшеге асфальт төселеді. Алайда көше жарығына қатысты кешенді жоспар жоқ.
«Егер биыл жобалық-сметалық құжаттама дайындалса, келер жылы құрылысы басталып та қалар. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы. Тапсырыс берілді. Екі ауылға, Төңкеріс пен Қарабұлаққа», – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Дулат Дәулетәлиев.
Әкімдіктегілердің сендіруі бойынша, су құбырын жүргізу келер жылға, ал жол салу биылға жоспарланды. Басшылықтың бұқараға айтқан шаруасын бізде бақылауға алмақпыз.
Сая Меңдеке, Роман Нощенко, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.