Нұр-Сұлтандықтар қақпақсыз құдықтармен өздері күресуге кірісті

08.11.2019 17:21

Нұр-Сұлтанда 65 мың кәріз құдығы бар екен

Елорда тұрғындары қақпақсыз қалған құдықтардың суретін жаппай әлеуметтік желілерге жариялап жатыр. Жергілікті әкімдіктен жауап болмаған соң құдықтарды өз күшімізбен қоршап бетін жабуға мәжбүрміз деп шағымдануда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсіресе, қас қарая сабақтан шығатын балалар үшін қауіпті екенін айтып әлек. Оқушылар күн сайын таңертең және кешке жүргенде алдарында «қақпан» тұрғанын аңдамай қалуы әбден мүмкін. Сол себепті тұрғындар қолдарына түскен заттармен жауып қоюға мәжбүр. Нұр-Сұлтанда осындай 65 мың кәріз құдығы бар екен. Оның басым бөлігі әкімдіктің меншігінде болса, қалғаны коммуналдық мекемелерге тиесілі. Жауапты органдар әрбір құдықты қадағалап жүре алмайтыны айдан анық. Дегенмен, қақпағын ұрлап кетсе, бірден басқасын әкеліп жабу қажет деп санайды тұрғындар.  

«Бұл қауіпті. Балалардың құлап қалуы мүмкін ғой. Мынаны көріп тұрған шығарсыздар қағаз қойып қойыпты. Балалар түгілі үлкен кісілер де түсіп кетуі мүмкін ғой. Опырылып түсіп жатыр», – деді тұрғындардың бірі Қарлығаш ҚОРЖЫМБАЕВА.

Тұрғындардың шағымы қалалық Ikomek-109 орталығында тіркелген. Барлық ақпарат атқарушы билік пен мекемелерге жіберілген. Енді олардың өкілдері бірнеше күн ішінде құдықтарды жабулары тиіс.

«Сіздер айтып жатқан тұрғындар шағымы кеше таңертең 9:40-та тіркелді. Инстаграм желісі арқылы түсті. Құдықтардың барлық суреттері бар. Қазіргі таңда бұл өтініш «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің қарауында. Әлі жауап келген жоқ. Оларда жауап беруге бір күн уақыт бар», – деді Нұр-Сұлтан қалалық ikomek 109 орталығының жетекшісі Жаннат ДҮБІРОВА.

Жалпы елордада ашық құдықтар мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келе жатыр. Тіпті проблеманың түйінін тарқату бойынша ел Президенті де тапсырма берген. Коммуналдық мәселеге осындай назар аударылуының да себебі бар. Соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 2 бала құдыққа құлап кетіп мерт болған еді.

Асылбек Тойбек, Мира Әлжанова, «Алматы» телеарнасы