Алматы қаласында дезинфекция жұмыстары жалғасып жатыр
Алматы қаласында дезинфекция жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін көпқабатты үйлердің 8 мыңнан астам кіреберісі мен 1440 аула залалсыздандырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Балалар алаңы мен көшелерге де санитарлық жұмыстар жасалып, барлығы 141 арнайы техника мен 1190 маман тартылды. Нәтижесінде ауру ошақтарының саны 12-ге дейін азайған. Дезинфекциялық шараның 20-кезеңінде Әуезов ауданындағы 21 балалар алаңы мен 60-қа жуық кіреберіс тазартылды. Ал, жалпы қалада 24 кезең жүргізілетін болады.
«Бізде 11-шағын ауданда 32 үй бар. Осы заласыздандыратын бригада аптасына 2 рет келеді. Сейсенбі және жұма күндері келіп, 2 күн дезинфекция жасап тұрады. Елдер дән риза. Осы залалсыздандырудың арқасында адамдар ауырып, коронавирустың ошағы тіркелген жоқ», – деді ПИК өкілі Бақыт ЖЕКСЕНБИЕВ.
«Менің бригадамда 10 адам бар. Бүгінгі жоспарымыздағы 60 үйде бар. Таңғы 07:30-да жиналамыз, 08.00-де жұмысымызды бастаймыз. Кешкі 18.00-ге дейін осы үйлерді бітіруге тырысамыз», – деді дезинфекциялық жұмыс тобының басшысы Әуелхан ИСАЕВ.