Алматыда қараусыз қалған 70 жастағы қария жомарт жандардан көмек сұрайды

27.08.2020 00:35

Зейнетке шыққанына 20 жылдан асты

Аlmaty.tv

Жетпіске келіп қорғансыз қалған қария. Жетісу ауданының тұрғыны жомарт жандардан көмек сұрайды. Қазір Роза Азанкулова қабырғасы құлағалы тұрған үйде бір өзі өмір сүріп жатыр. Жалғыз баласы қарайласпай кеткен. Зейнетке шыққанына 20 жылдан асты. Үлкейген шағында бейнетінің зейнетін көремін ба деген әжейдің қазіргі жағдайы мүшкіл. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғыз басты қарияның мұңын тыңдап келді.

Жетпіс жасар кейуананың жалғыздықты серік еткеніне біраз уақыт болған. Үйінің жағдайы нашар. Таза төсек пен ыстық тамақ болмағаннан кейін соңғы кездері жиі ауырады. Қарайласатын ешкімі жоқ. Жолдасынан ерте айырылған. Жалғыз баладан үмітнің үзгенін айтады. Себебі, қазір анасын тек ақша сұрау үшін іздеп келеді екен. 27 жасар баласы қарызға белшесінен батып, анасының атына несие алдыртқан көрінеді.

«Балам нашарқорлықпен айналысады. Маған мүлде қарамайды. Соңғы уақытта мені қинап ақша сұрайтынды шығарды. Қазір денсаулығым мүлде нашарлап кетті. Мүгедектікке шыға алмағандықтан, ол үшін өтемақы да ала алмаймын. Қазір бір зейнатақыға қарап отырмын. Бауырларым бар, бірақ олардың бөлек отбасы мен өмірі бар. Қаншалықты көмектессін», – деді қала тұрғыны Роза Азанкулова.

Жарылған пеш, сырланбаған қабырға. Баспананың көптен күтім көрмегенін бұрыш-бұрышқа жиналған мынандай шаң-тозаңнан аңғаруға болады. Абырой болғанда қазір жаз мезгілі. Қысқа ешқандай дайындығым жоқ дейді қария.

Қарт ана қазір керілсең қолың есікке, табаның төсекке тиетін мына қуықтай баспанада тұрып жатыр. 60 жыл жөндеу көрмеген. Бояу тимеген. Оның қазіргі бар уайымы қыс мезгілінде қалай өмір сүрем деп алаңдайды. Пешке жағатын көмір жоқ. Жанындағы көршілері жағдайынан хабардар. Олар да артылған тамақ пен ақша болса қарияға әкеліп береміз дейді.

«Роза әпкенің жағдайы қиын енді шынымен де. Елдің бәрі көмектеседі. Баласы енді андай жолда жүр. Ылғи да қиналады мына кісі. Елдер шамасы жеткенше көмектеседі, қайта-қайта көмектесе де алмайды ғой. Баласы анда-санда келеді. Баласының қандай екені түрінен-ақ көрініп тұр», – деді көршісі Майра Дауылбаева.

Қарияның жағдайын ести сала, еріктілерге хабарластық. Олар да дер кезінде келіп, жалғыз басты жанға көмегін аямады. Азын аулақ азық-түлік пен алғашқы медициналық құралдарын жеткізді. Ауласын тазалады. Артық ағашты кесіп, қорасын ретке келтірді.

«Жалпы қала бойынша мұндай қариялар көптеп хабарласады. Бәріне бірдей қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бүгін де осы әжейге азық-түлік пен антисептик алып келдік. Көмектескен әр отбасыға хабарласып, назарымызда ұстаймыз», – деді «Jas otan» жастар қанатының жоба үйлестірушісі Динара Нұртайқызы.

Дәл қазір егде жастағы адамға көмек қай жағынан болса да қажет. Роза Азанкулованың туыстары бар, бірақ олар да зейнеткер. Сол себепті қамқорлықты бауырларынан емес, жаны жайсаң өзгелерден жиірек көретін сияқты. Қорғансыздың күнін кешкен кейуана Жетісу ауданындағы Бұлқышев көшесі 15-үйде тұрады. Көмек көрсетемін деген жомарт жандар болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласуына болады.

8(727) 2336291