«Апаттан көз ашпаймыз». Тас жолдың тарлығын айтқан тұрғындар шағымын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.
Тұрғындар Құлжа күре жолында жол апаты жиілеп кеткенінен қорқады. Апталап апат болатын бұл жол – Алматының кіре берісі. Соңғы 2 күнде 2 адам көлік астына түсіп, көз жұмған.
«8 адамның өмірі осында қиылып отыр. Міне, кеше ғана 2 адам осы жерде көз жұмды. Түнде емес, күндіз де көлік тоқтамайды», – деді қала тұрғыны Абдрасул Тохтаев.
«Жүргіншілер өтпесі тұрғанымен, оны ешкім байқамайды, ағаштардан көрінбейді. Көліктер де тоқтамайды, жолдан өту үшін 2 қолымды көтеріп, белгі беріп, күтуім керек. Жүгіріп өте алмаймын», – деді Алматы облысының тұрғыны Гүлайым Шаяхметова.
«Транспорттың жүріп жатқанын көрдіңіздер. Не жарық жоқ. Балаларға балабақшаға, мектепке бару керек», – деді Алматы облысының тұрғыны Сейсенбай Әлиев.
Арғы беттегі жаңа мектепке балалар бара алмай отыр. «Бастысы, бастың амандығы» деген тұрғындар ұл-қызын көрші ауылға апарып, оқытады. Жолдан өту жыр болған жолда аялдама да жоқ. Тұрғындар әйтеуір қоғамдық көлік осында келіп тоқтайды дейді. Тіпті, жүргізушілер байқамай қалатын көрінеді.
Жол жиегіндегі тұрғын-үй кешені Алматы облысына қарайды. Ал екінші беттегі ауыл қала қарамағында. Екі жаққа да сұрау жолдадық деген азаматтар енді айтылар жауапты, атқарылар істі күтеді.
«Тұрғын-үй комплексі Талғар ауданына қарайды. Мына жол қалаға қарайды. Сонымен, екі әкімшілік арасында мәселе боп тұр. Хат жазылды, жолданды. Жол біткенде, мәселе шешіледі», – деді Алматы облысының тұрғыны Руслан Әлиев.
Күре жолдағы құрылыс биыл бітеді. Мамандар сөзі – осы. Жалпы, жолдың жайынан бөлек, көпті алаңдатқан өткел мен аялдама мәселесі де шешімін таппақ.
«Жобамен қарастырылған ұзындығы 3 км тротуар және Бұқтырма көшесі, Құлжа күре жолы және Алатау трассасы бойынша көзделген 6 жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы биыл жыл соңына дейін орындалатын болады. Жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылмаған, бірақ орнына 6 жаяу жүргіншілер өткелі жол бетінде болады. Ол ыңғайлы. Қарт адамдар бар, басқасы бар», – деді қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы Қайрат Анарбаев.
Жауаптылардың айтуынша, тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін да тиісті іс атқарылады. Бұл тұста қоса кету керек, полиция департаменті берген дерек бойынша дәл осы жүргіншілер жолында 9 апат тіркеліпті. Бұл соңғы 2 айдағы көрсеткіш қана.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы