Жер сілкінісі: Алматыдағы халықты қабылдау пункттеріне 1300-ден астам адам хабарласты

04.03.2024 в 23:35

Қала аумағында азаматтарды қабылдайтын 384 орын түнімен жұмыс істейді

Зілзаладан кейін Алматыдағы халықты қабылдау пункттеріне 1300-ден астам адам жүгінді. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі осылай деп мәлімдеді.  Қала аумағында азаматтарды қабылдайтын мұндай 384 орын бар. Көбі білім беру мекемелерінде орналасқан. Олар тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Бостандық ауданындағы №69 жалпы білім беретін мектептегі 192-пункт. Мұнда дүмпу сезілгенде-ақ оқушылар бірден эвакуацияланып, мектеп аумағындағы ашық алаңға жиналған. Көп ұзамай балалары үшін алаңдаған ата-аналар да оқу ордасына келді.

– Жер сілкінген уақытта мектепоқушыларын бірден сыртқа алып шықтық. 1-2-қабатты түгел аралап, балалардың ешқайсысы қалып қойған жоқ па, мұғалімдер, мектеп қызметкерлері қалып қойған жоқ па, түгел тексеріп, бәрі далаға эвакуацияланды, – деді № 69 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орынгүл Қуандықова.

– Біз осы маңда жүргенбіз. Балам бірінші сынып оқиды. Соны күттім. Бір уақытта қатты дүмпуді сездік. Балалар бірден далаға шықты. Ешқандай дүрбелең де тумады. Мектеп төтенше жағдайға әзір екенін көрсетті, – деді ата-ана Елена Шульга.

Мектеп қызметкерлері зілзала кезінде білім беру мекемесінде ешқандай дүрбелең болған жоқ деп отыр. Оған осыған дейін өткізілген сейсможаттығулар септігін тигізген. Оқушылар мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екеніне машықтанған көрінеді.

– Қазір бір тұрғын келіп отыр. Міндетті түрде тіркейміз. Бүгін түнімен мектебіміз жұмыс істейді. Мектепте ыстық шай, тамақпен қамтамасыз ететін асхана ашық. Жұмыс істеп тұр. Барлық көмекті көрсете аламыз. Медпункт бар, – деді № 69 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орынгүл Қуандықова.

Айта кетейік, Алматыда төтенше оқиғалар кезінде халықты жинайтын 384 пункт бар, олар – 229 мектеп пен 115 балабақша, 15 жоғары оқу орны, 20 колледж бен 5 стадион.

Еске салайық, егер қабылдау пункттерінің қайда орналасқанын білмесеңіз, 2Гис қосымшасы арқылы өзіңізге жақын мекен-жайдағы орынды анықтай аласыз. Немесе әкімдіктің және төтенше жағдайлар департаментінің ресми сайттарында мәлімет көрсетілген. Көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі ақпараттық QR-тақтайшалар арқылы қабылдау пункттерін табуға болады. Ал қала әкімі Ерболат Досаев өткізген жедел штаб отырысында жауаптыларға осы қауіпсіз орындардағы жағдайды бақылау тапсырылды.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі: Алматыда жедел желі іске қосылды