Алматылық Зарина Әлиева Израильде ота жасатуға ниетті
Алматылық Зарина Әлиева қазақстандықтардан көмек сұрайды. Бір жыл бойы өкпесіндегі қатерлі ісікті емдей алмай жүрген 3 баланың анасына шетелде емделуден басқа амал жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
38 жастағы Зарина Әлиева иығы ауырып, 2 ай бойы жөтелі қоймаған соң ренгтгенге түскен. Дәрігер нәтижесін көріп, компьютерлік томографиядан өтуге кеңес берген. Оның өкпесінен 11 сантиметрлік ісік анықталған. Жағымсыз жаңалықты естіп, бір жыл бойы ем іздеген. Ал Астанадағы Ұлттық онкологиялық ғылыми орталығынан 2 рет химия терапия қабылдаған. Алайда одан пайда болмай, қатерлі ісігі 2 есе өсіп кетіпті.
– Ауру асқынып келеді. Осы орталықтың дәрігерлері қолдан келгенін жасады. Емдеді. Химиятерапия алдым. Алайда, мендегі ісік асқынып барады. Онкологиялық орталықтың дәрігерлері басқадай ем алу керегін айтты. Оның бағасы өте қымбат болып тұр, – деді Алматы қаласының тұрғыны Зарина Әлиева
Ұлттық онкологиялық орталықтың дәрігерлері науқасты емдеу жолдарын анықтау үшін консилиум өткізген. Нәтижесінде CAR-T терапия алу керек деген шешімге келіпті. Ал ондай ем-дом Қазақстанда жасалмайды.
КОНСИЛИУМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ:
«Науқастағы ісік – қайталанатын немесе рефрактерлі ауру. Сондықтан CAR-T жасушалық терапия қабылдау керек. Бұл опция Қазақстан Республикасында қолжетімді емес. Науқас шетелде емделуді жоспарлап отыр».
«Шетелден ем іздеуден басқа амал жоқ» дейді науқастың жұбайы. Сондықтан Азиз Молдыбеков қазір халықтан жылу жинап жатыр. Балаларының анасына Израильде ота жасатуға ниетті. Ал ол жақта емделу құны 80-300 мың доллар аралығында екен. Америка мен Еуропада одан 2 есе қымбат. Қажетті соманы жинау үшін жалғыз баспанасын да сатуға қойыпты.
– Өзіміз салған үйімізді сатуға қойдық. Бізге тез арада қаражат жинау керек. Сондықтан барша қазақстандықтардан өтініп сұраймын, мүмкіндігінше қол ұшын созсаңыздар. Біз қазір әлеуметтік желіде де парақша ашып қойдық. Сонымен қатар, елде бізге көмектесе алатын қандай қор бар, барлығына өтінім береміз, – деді Алматы қаласының тұрғыны Азиз Молдыбеков.
Азиз Молдыбеков «Қазақстан халқына» қорына да жүгінбекші. Аталған қор өкілдерінің айтуынша, балалар мен 35 жасқа дейінгі онкологиялық және онкогемотологиялық диагнозы бар пациенттерге көмек көрсетеді. Ал Зарина Әлиеваның жағдайында науқас Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш беруі керек. Осы арқылы оның шетелде ем алуына мүмкіндік бар екен.
– Бізде медициналық сақтандыру қорының жанынан жұмыс органы бар. Еліміздегі қазақстандық пациенттерді шетелге емдеуге жіберетін жұмыс органы болып табылады. Сондықтан азаматша өзінің диагнозы бойынша осы органға жүгінсе болады. Бұл өз кезегінде сол сияқты пациенттерді мемлекет аясында тегін түрде шетелдік емдеуге жіберуге мүмкіндік бар, – деді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Диас Бейсенбек.
Зарина Әлиеваның аурудан айығып кетуіне шамамен 500 мың доллар қаражат қажет. Себебі Израильдегі бір ғана CAR-T терапия 300 мың долларға дейін баруы мүмкін. Егер науқас жансақтау бөліміне түссе, оған қосымша төлейтін қаражат дайын болуы керек екен. Қажет соманы жинауға шамамен 1 ай уақыт бар.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана