Әйгілі Корниловтар циркі алматылық бүлдіршіндерге тегін өнер көрсетті

Әйгілі Корниловтар циркі алматылық бүлдіршіндерге тегін өнер көрсетті
Цирк шоуында жалпы пілдерден бөлек 60-тан аса жануар өнер көрсетеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Олар манежге үнді пілдерін алып шығып, кішкентай көрерменді бірден баурап алды. Алып жануарлар сахнада шыр айналып сальтоға тұрды, тіпті адамдарша билеп берді. Мұндай ерекше көріністерге толы шоуды көрген балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Алматы циркінің залында ине шаншар қалған жоқ. «Атақты Корниловтар династиясы қайырылымдылық қойылым көрсетеді» дегенді естіп, еңбектеген бала да, еңкейген қарт та жиналған. Қойылымның басты рөлінде – үнді пілдері. Алып жануарлар манежде әртүрлі трюктар жасады. Бірде би билесе, енді бірде 5 тонналық салмағымен доп үстіне тік тұрып бүлдіршіндерге ұмытылмас әсер қалдырды. Жақында ғана мейірімділікке толы «Дамбо» фильмін көрген балалар, көп ұзамай сол Дамбоны өз көздерімен көргендей болды.

Балалардың бірі «маған піл ұнады, хореаграфия ұнады» десе, екіншісі әр түрлі аңдардың өнер көрсеткеніне таң қалғанын жасырмады.

Алматыға 20 жылдан соң келіп тұрған өнер ұжымы көрерменді қызыққа кенелту үшін барын салды. Аты аңызға айналған Корниловтар әулеті төрт атадан бері піл үйретумен  айналысып келеді. Алып жануарларды цирк манежіне сол әулеттің қазіргі ұрпағы, топ жетекшісі Андрей  Дементьев-Корнилов алып шықты. Ол пілдерді қолға үйрету оңай шаруа емес екенін айтады.

«Біздің циркіміз 130 жылдан астам уақыттан бері қызмет етеді. Бұл труппаның негізін арғы аталарым қалады, ал біз олардың өнерін жалғастырып келеміз. Піл үйрету тәсілі де сол атадан балаға беріліп келеді. Тіпті ана сүтімен де дарыған болар. Алып жануармен жұмыс істеу үлкен тәжірибені, төзімділікті талап етеді. Ұзақ жыл бойы пілдерді зерттедім, олардың тілін түсінуге тырыстым. Қазір пілдер кей трюктерді өздері ұсынады», – дейді аң үйретуші Андрей  ДЕМЕНТЬЕВ-КОРНИЛОВ

Қайырымдылық қойылымы аясында Корниловтар труппасы өздерінің авторлық шоуының тек бір бөлігін ғана көрсетті. Соның өзі көрерменді естен кетпес әсерге бөледі. Олардың 2 жарым сағаттық цирк шоуында пілдерден бөлек 60-тан аса жануар өнер көрсетеді екен. Соның ішінде арыстан, ит, маймыл, түйелер мен аттар да бар. Бұған дейін Шымкент пен Астана қалаларында өнер көрсеткен Корниловтар циркі Алматы көрермендеріне 16 маусымға дейін таңқаларлық шоуларын тарту етеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров