|
10.09.2019 | 19:36
8627

Боралдай кенті тұрғындарының базынасы көп

Алматы іргесіндегі 40 мыңдай халқы бар ықшамауданда тіпті автобус аялдамасы да жоқ екен

Боралдай кенті тұрғындарының базынасы көп

Алматы облысының Боралдай кентінде сонау көктемде қолға алынған 4 шақырымдық  жаяу жүргінші жолының құрылысы  әлі аяқталмай жатыр. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар амалсыз көлік қаптаған жолмен жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы іргесіндегі 40 мыңдай халқы бар ықшамауданда тіпті автобус аялдамасы да жоқ екен. Оның үстіне ата-аналар балаларының мектепке көлшік кешіп баратынына наразы. Ал әкімдік болса, баз баяғыдай бәрі жоспармен жасалды деп сендіруде.

Жыры көп «Жайнақ» ықшамауданда 51 көше бар. Төрт ай бұрын басталған тротуар бар-жоғы 1200 метр. Деседе, 4 айға жуық уақыт болса да, бүгінде бір де бір құрылысшыны таба алмадық.

Тұралап қалған тротуар биылғы Президент сайлауының алдында қарбалас басталған. Бірақ міне содан бері жұмыс жөнді жүрмей келеді. Қопарылған жол, төгілген тас. Оқушылар амалсыз қауіпті болсада көлік жолымен жүруге мәжбүр. Тротуардан бөлек көптің көңілінде жүрген проблема жетерлік, бұл маңда. Соның бірі –аялдама. Шіліңгір шілденің ыстығында көлеңке іздесе, күздің жаңбырлы, қыстың  қарында езілген ойлы-шұқырлы жерде тұруға мәжбүр.  

Ал, 40 мың тұрғыны бар ескі жанармай құю бекеті аялдамасының аты болмаса затын таба алар емеспіз. Әйтейір бүгін күн шығып тұр. Десе де, кешегі сіркіреп жауған жаңбырдың астында автобус күтіп тұрып малмандай су болдық дейді тұрғындар.

«Күннің ыстығында тұрамыз, басымыз ауырады. Кейде тіпті қан қысымы жоғары адамдар тұрады. Суықта да автобусты күтіп, дірдектеп тұрамыз», – дейді бір тұрғын.

«Тұрғындардың барлығы дерлік қалада жұмыс істейді. Жаңбыр астында қалады. Ыстықта күннің астында қақталғанша аялдаманың астында тұрған жақсы. Студенттер көп шығатын. Сондықтан аялдама болған дұрыс», – дейді екіншісі.

Әкімнің айтуынша, халыққа биыл автобусты осылай күтуге тура келеді.  Себебі тұрғын көп болса да, аялдамаға жарымаған кентке жауапты әкімдік  қажетті құжаттары енді ғана  дайындап  жатыр екен.

«Біздің аудандық автокөлік жолдары бөлімінің жоспарына сәйкес биылдың өзінде аудан бойынша 30 аялдаманың жобасы жасалып жатыр. Соның ішінде 4 аялдама орнатылады. Жаңағы сіз көтеріп отырған «Жайнақ» ықшамауданында екі аялдама бар. Бірі – Әзірбаев көшесінде, екіншісі – «Жайнақта» орналасқан мектепте орнатылады. Бұл мәселе келесі жылы жасалады», – деді Боралдай кентінің әкімі Данияр ҚОҢЫРБАЕВ.  

Көлік ағыны көп болсада бұл аумақтың жол проблемасы, көлік тығыны  көптен шешілмей келеді. Тағаты таусылған тұрғындар  жауаптылардың жайбасарлығын құдды бір отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын бұрынғы, ертегінің батырлары секілді дейді.  Істі шешпейтін жауаптыларға елдің өкпесі қара қазандай.  

Базынасы көп боралдайлықтар жауын жауса шалшық суды кешеміз дейді.    

Жоғарыда айтылған мектепте 2000 жуық бала білім алып жатыр. Ал, күздің енді басталғанын ескерсек, толассыз жауған жаңбырдан алдағы уақытта мынадай жиналған сулар көлге айналып, мектепке баратын жол таппай қаламыз дейді ата-аналар.

«Мектептің артында ауылға қарай арықтан өтетін көпір болған. Биылдан бастап жөндеу жасағаннан кейін соны алып тастады.  Жаңбыр суы жиналғанда үстің лай су шашырайды. Қиналып жүрміз», – дейді Нығмет АЙТИШЕВ.

«Байсеитова көшесінде жөндеу  қыркүйек айында жүру керек болған. Тендер дұрыс өтпей, енді қазан айына қалдырып отырмыз. Бұл көше жасалады. Шалшық су, шағын арық жөнделеді. Ол өзенге ағып кетеді енді ол жерде шалшық су болмайды. Жылдың соңына дейін бітіреді», – дейді Боралдай  кентінің әкімі Данияр ҚОҢЫРБАЕВ.  

Он метр жердегі өзенге жиналған  көлшік су ағып кететін арықты айтқызбай жасауға  ақыл керек емес еді деп кейіді тұрғындар. Ал әкімнің айтуынша, Боралдай кенті тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан да жол жиі бұзылады. Жолды сағыздай созып келе жатқан компанияны қадағалап, тұрғындардың талабын толық болмасада шешуге тырысамыз деді  кенттің жуырда тағайындалған әкімі.  

Арнат Байсеитов, Ялкунжан Ашижанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир