«Нұршашқан» шағынауданы тұрғындары медициналық қызметке зәру

30.07.2019 00:40

Шаһар басшысы дәл осы аймақтарға арнайы барды

кадр из видео Almaty.tv

Үш мыңнан астам халқы бар «Нұршашқан» шағынауданының тұрғындары медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр. Ондағы жалғыз шағын медпункт та тарлық етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала берді, тозығы жеткен жол мен ауыз су жетіспеушілігі жұрттың ығырын шығарды. Ал «Қайрат» шағынауданындағы тұрғындарды ашық кәріз қақпақтары мен қаңғыған иттер зәрезап еткен. Бұл мәселелер Алматы әкімінің әлеуметтік желідегі аккаунттарына көп жолданғандықтан, шаһар басшысы дәл осы аймақтарға арнайы барды.

Алматы әкімі әлеуметтік желідегі акаунттарына бірнеше түйткілді тізіп жазған Түрксібтік тұрғындармен жүздесті. Бақытжан Сағынтаев әуелі «Нұршашқан» шағынауданына ат басын бұрып, ондағы елдің мұң-зарын тыңдады. Халықты алаңдатқан мәселе көп: балабақша тапшылығы, тозығы жеткен жолдар, ауыз су мәселесі, жүргіншілер өткелінің болмауы мен қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі. Үш мыңнан астам тұрғыны бар «Нұршашқанда» әсіресе медицианалық қызмет шектеулі екен. Жиылған жұрт мына шағын амбулаторияның барлығына тарлық ететінін тілге тиек етті.

«Бізде медпункт кішкентай, одан кейін дәрігер жетіспейді. Сондықтан бізді №20 емханаға жібереді, оған аяқ жарамайды», – дейді кейуана.  

Ал қария болса балабақшаның тарлығын алға тартты. Небары 40 бала ғана сыятын бақшаны кеңейтсе дейді ол.

Әр тұрғынның талап-тілегін мұқият тыңдаған әкім қоғамдық көлік мәселесін көп күттірмей шешуді тапсырды. Сондай-ақ, балабақша салу мәселесі мен медпунктті кеңейтуді де қолға алу қажет деді аудан басшысына. Әрмен қарай шаһар басшысы «Қайрат» ықшамауданына келді.

«Кәріз құбырлары тартылып жатыр, су жолдары реттелді, керемет! Бірақ құдықтардың қақпағы жоқ, ашық жатыр, сол маңда футбол ойнайтын балалардың бірі түсіп кете ме деп қатты уайымдаймыз», – деді қария.  

Ашық жатқан кәріз люктері мен қаңғыбас иттер қайраттықтарды әбден мезі қылған. Өмірімізге қауіп төнеді деп үрейленгендер әкімнен көмек сұрады. Шаһар басшысы бұл мәселелерді жедел реттеуді аудан әкімі Павел Кулагинге жүктеді.

Аудан әкімдері тұрғындардың түйткілін жетік білуі тиіс. Сондай-ақ, оның дер кезінде шешілуін қамтамасыз етулері керек деді Сағынтаев. Әрі әкімдерге өз құзыретіндегі мәселелерді бірден реттеуді міндеттеді.

Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданындағы №143 мектепте заманауи технологиямен жүргізіліп жатқан сейсмикалық шараларды күшейту жұмысымен танысты. Жыл соңына дейін мұндай әдіспен қаладағы 9 мектеп, интернат және 2 балабақша жөнделеді. Сондай-ақ, Медеу ауданындағы «Аққайың» ықшамауданының ауызсу проблемасы да назардан тыс қалмады. Мұнда 2 мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін арналық су жинау жүйесі апатты жағдайда тұр екен. Әкім бұл мәселені дереу шешуді алға тартып, тамыз айының соңына дейін тиісті құжатты әзірлеуді тапсырды.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы