ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осындай мәлімдеме жасады
«Мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне барынша жағдай жасауымыз қажет. Оларға көмектесуге студенттер мен еріктілерді тартуымыз қажет». Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде елімізде 680 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Егерде олардың қатарынан балалар мен соттың шешімімен сайлауға қатыспайтындарды алып тастасақ, онда қалған жарты миллионға жуық азамат ҚР Президент сайлауында дауыс бере алады.
«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясын 2015 жылы бекітіп мақұлдадық. Өзімізге халықаралық міндет алдық. Енді соны орындауымыз керек» – деді Бердібек Сапарбаев.
Министр жергілікті билік өкілдеріне құлағы естімейтін, көзі көрмейтін, яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жанында көмекшілердің, сурдоаудармашылардың болуын қамтамасыз етуді ұсынды. Сондай-ақ, ол бұл жұмыстарға еріктілерді, жоғарғы оқу орындарының 3-4-курсында оқитын студенттерді тарту керек деді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі барлық 9 950 сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай жасалуы керектігін және министрлік жанында сол үшін арнайы интернет-портал жұмыс істейтінін айтты. Қазіргі таңда сол интернет-порталға 30 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары, қосымша тағы 6,5 мыңға жуық сайлау учаскелері де енгізілсе керек.