Сабақ тоқтап, 711 оқушы мен 70 қызметкер сыртқа шығартылған
Түркістан облысының Леңгір ауылында 23 оқушы газдан уланып, ауруханаға түсті. Тыныс жолдары тарылып, улы газдан басы айналғандардың арасында мектептің екі мұғалімі мен бір жұмысшысы да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10-сынып оқушысы мектепке газ баллонын әкеліп, үзіліс кезінде дәлізге шашып жіберген. Білім басқармасының хабарлауынша қазір 11 бала ауруханада жатыр. Сондай-ақ, мектептегі ауаны тексеру жұмыстары да жүргізілген. Аталған жайтпен полицейлер, прокурорлар және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері айналысып жатыр. Балалардың қауіпсіздігіне байланысты жұмадағы сабақтар сенбіге ауыстырылған.
«Мектептің басшылығы сабақ барысын тоқтатып, 711 оқушы мен 70 қызметкер сыртқа шығартылған. Зардап шеккендердің 11-і ауруханада. Бастапқыда 20 оқушы, мектептің 2 мұғалімі мен 1 кіші қызметкері түскен болатын», – деді Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Азамат ОСПАНОВ.