Біз бөлектеніп қалдық: Еңбекшіқазақ ауданына қарасты елдімекеннің мәселесі қашан шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті атқамінерлер ауыл болдыңдар деп біраз уәдені беріп кеткен көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Біз бөлектеніп қалдық». Осылай деген көпшілік әлі ауыл мәртебесін ала алмай келетінін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты елдімекеннің елі, маңайындағы ауылдарға екі аттам жерде тұрсақ та статус берілмеді деп дүрлікті. Алайда жергілікті атқамінерлер ауыл болдыңдар деп біраз уәдені беріп кеткен көрінеді.  

Бұл саяжай Бөлек ауылынан үш шақырым жерде ғана орналасқан. Алайда ауыл болуға қанша талпынса да, талаптары табалдырықтан әрі аспапты. Ал ақжағалылардың алдына бара қалса, ауыл болдыңдар деп шығарып салады екен. Содан екі ортада дал болған дүйім жұрт жиналып анықтамақ болыпты.

«Мәслихат депуттары елдімекенге кірдіңіздер деп қол қойды. Сіздер еш уайымдамаңыздар бәрі жақсы болады деп шығарып салды», – деді саяжай тұрғыны Күлия Құдайбергенова.

Мәртебеден мақұрым қалған соң, қарайған қыстаққа қарайласатын қара болмай тұр дейді ел. Сөйтіп салы суға кеткен елге не жедел жәрдем, не өрт сөндірушілер келмейді екен. Себебі саяжай картада жоқ дейді.

«Суды тасып ішеміз. Өзіміздің денсаулығымыз жоқ. Жазда суды 1 сағаттан береді. Қыста мүлдем су жоқ. Қарды ерітеміз, беті қолымызды солай жуамыз», – деді саяжай тұрғыны Кәдірқыз Өмірәлиева.

Әкім орынбасарларының құр уәдесіне тойған тұрғындар Еңбекшіқазақ ауданы әкімін де іздеп барды. Бірақ бұл мекеме де ешкімді құшақ жая қарсы ала қоймады. Тек біраз уақыттан соң әкім орынбасары қабылдады. Ауыл мәртебесін беру бір күндік шаруа емес деген орынбасар алдымен саяжай тұрғындары хат жазу керек дейді. Кейін соны негізге ала отырып, облыстық мәслихат ұсыныс беру керек екенін айтады.

Сонымен қатар саяжайға заң тұрғысынан да араласа алмаймыз деген әкім орынбасары мәселенің бүгін шешілмейтіні анық деп ашық айтты. Алайда биыл Рахат, Бәйтерек, Бөлек ауылына қарасты бірнеше саяжай ауыл мәртебесін алыпты.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров