Жуалы және Тұрар Рысқұлов аудандарында сайлау қалай өтті

07.11.2023 01:44

Өз таңдауын жасаған халық, өңір үшін оңды өзгерістер болады деп сенеді

Almaty.tv

Саяси науқан Жамбыл жерін де қамтып, жергілікті халық Жуалы мен Тұрар Рысқұлов аудандарының әкіміне үміткерлерге дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қос аудан бойынша 6 кандидат тіркелген.

Жуалы ауданындағы №473 сайлау учаскесінде 2610 сайлаушы тіркелген. 80 жастағы Қайрат ақсақал таңсәріден тұрып, қоғам үшін маңызды науқанға қатысуды жөн көріпті. Оның айтуынша, мұндай сайлаудан қалмай дауыс беру – әрбір азаматтың міндеті.

«Жуалы – менің құтты мекенім. Туған жерімде еңбек еттім, енді міне, қартайып, қария болдым. Сонда да сайлауға келді. Халықтың дауыс бергені дұрыс», – деді Жуалы ауданының тұрғыны Қайрат Сарыбаев.

Ал Гүлзия есімді ару қыркүйекте 18 жасқа толған. Еліміздегі алғашқы рет өтіп жатқан аудан әкімдерін сайлауда бойжеткен өмірінде алғаш рет дауыс берді.

«Бүгін сайлауға алғашқы келуім. Аздаған қобалжу болды», – деді Жуалы ауданының тұрғыны Гүлзия Бегалиева.

Жуалы ауданында 30 мыңнан аса, ал Тұрар Рысқұловта 40 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сайлау күні 2 аумақтық және 74 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Науқан барысын 466 комиссия мүшесі мен 419 байқаушы қадағалады.

«Сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылар Жуалы ауданында 84,8% жинаған Мұртаза деген азаматты әкім етіп сайлады. Ал Рысқұлов ауданында 80% есебімен Есіркепов деген азамат әкім болып сайланды. Жалпы сайлау ҚР Сайлау туралы заңының негізінде өтті деп есептейміз», – деді Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов.

Облыста сайлаушылардың 56 пайызы дауыс беріп, екі ауданның әкімдері қайта сайланды. Сайлау барысында ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Өз таңдауын жасаған халық өңір үшін оңды өзгерістер болады деп сенеді.

Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев «Алматы» телеарнасы