Саяси ұйым белсенділері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізді
Қаңтар оқиғасына байланысты «Ауыл» партиясының Алматы қалалық филиалы өкілдерінің ұйымдастыруымен «Күшіміз Бірлікте» акциясы өтті, деп хабарлады Almaty.tv.
Іс-шара барысында саяси ұйым белсенділері Бостандық, Наурызбай, Алатау аудандарында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізді. Шараның басты мақсаты да сол – жалғызбасты қарт адамдарға, жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға қолдау көрсету. Қайырымдылық шара демеушісінің айтуынша, осындай қиын-қыстау кезеңде отандастар бір-біріне қолдау көрсетуі тиіс.
«Қазіргі қиын жағдайда біз отбасымыздың атынан Отанымызбен, халқымызбен бірге екенімізді білдіру мақсатында 150 отбасына азық-түлікпен көмектесіп отырмыз. Осындай акцияға басқа азаматтардың да қатысуын, айналасындағы қиындыққа тап болған мұқтаж жандарға көмек қолын созуын сұраймын», – деді жеке кәсіпкер Гүлшар Мәшкен.
«Көп рахмет, сіздердің партияларыңызға Алла разы болсын. Әрдайым көмектесіп тұрасыздар. Аман болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын», – деп жылы тілегін білдірді жалғызбасты ана Шынар Айбасова.