Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты қатаң бақыланады. Енді қол астындағы маманға белгіленген уақыттан тыс еңбек артқан басшы заңмен жазаланады. Биыл кешкі 18:00-ден кейін артық жұмыс істеу бойынша қанша дерек тіркелді? Бос уақыты көбейген мемлекеттік қызметкер немен айналысып жүр? Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Әлеуметтік сала маманы Қарлығаш Сәдібектің мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніне биыл 12 жыл толады. Әкімдікке кірген алғашқы жылдары қолына бар болғаны 16 мың теңге алып жүріпті. Кей уақытта кешке дейін де қалып жұмыс істеуге тура келген. Дегенмен, соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлерге көзқарас өзгеріп, бар жағдай жасалуда дейді ол. Ал қазір артық жұмыс істеуге тыйым салынады деп отыр.
«Қазіргі таңмен салыстырғанда мемлекеттік қызметкерлердің жағдайлары кәдімгідей жақсарған. Себебі, жұмыс уақытысы сағат 9-дан 6-ға дейін. Жалақысының көбейгені бар. Бізде мемлекеттік қызметкердің жұмысқа келіп-кетуін қадағалайтын арнайы карта жүйесі орнатылған. 9-да жұмысқа келгенімізде сол картаны соғып, кіреміз. Кешкі сағат 6-да жұмыс уақыты біткеннен кейін сол картаны соғып, қайтадан қайтамыз. Осы қазіргі таңда бізде үстеме жұмыс, жұмыстан кейін қалып, аяқталмай қалған шаруаларды атқару деген бізде жоқ», – деді Алматы қаласы Бостандық аудандық әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Қарлығаш СӘДІБЕК.
Жұмыстан кешкі 18:00-де қайтқан Қарлығаш Сәдібек жол-жөнекей қызын балабақшадан алады. Ол былтыр ғана мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 бөлмелі пәтер алған. Үйінде анасын асыға күтетін қос ұлына жете сала, Қарлығаш дәмді ас пісіріп, балалардың сабағына көңіл бөледі. Тіпті, музыка мектебінде тәлім алатын балаларының кешкі коцертін де тамашалап үлгереді.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен біршама жұмыстар жасалуда. Біз оны қалай анықтаймыз? Егер де жұмыс уақытынан тыс уақытта үстеме жұмыс жасап отырған мемлекеттік қызметшілер анықталған жағдайда, олар туралы ақпаратты біз шара қолдану мақсатында құзырлы органдарға жолдаймыз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Дана ЖҮСІПОВА.
Алматыда 78 мемлекеттік орган болса, онда ресми түрде 4900 қызметкер жұмыс істейді. Тексерушілер өткен жылдың соңында Еңбек кодексінде белгіленген уақыттан тыс жұмыс істеген 3 деректі тіркепті. Ал жыл басынан бері заңсыз әрекеттер орын алмады деп отыр мамандар.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы