Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин мамандардың бүгінде жойқын жарылыс болған қаланың сыртын тазалап үлгергенін мәлімдеді. Нәтижесінде, ондағы радиациялық жағдай тұрақты деген қорытындыға келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді эпидемиологтар Арыстың ішіне кіріп, әр үйді сүзгіден өткізеді: тоңазытқышта қалған тағамдарды лақтырып, күл-қоқыстарды аршиды. Тазалаған жерлерге міндетті түрде дезинфекция жасамақ.
Сондай-ақ, қаладағы қараусыз қалған мал да жиналып жатыр. Ветеринарлар жарылыс кезінде ірі-қараның көбі жайлауда жүрген дейді. Ал қорада тұрып өлген малдың орнына өтемақы төленбек.
«Қорада өлген мал болса, сол жердегі ветеринарлық қызмет дезинфекция жасайды. Екіншіден, біз қатаң бақылауға ауыз су мәселесін алдық. Су құбырларын тексеріп, дезинфекция жасап, шаямыз. Үшіншіден, біздің жылжымалы автокөліктегі лабораториямыз бактериологиялық және химиялық, радиациялық жағдайға мониторинг жасайды», – деді Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.