Бағдарлама аясында 1500-ге жуық жас жұмыс істеп жүр
Елімізде 10 мыңға жуық түлек «Жастар практикасы» жобасымен жұмысқа орналасты. Жыл басынан бастап тағы 1500-ге жуық жас «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастама мемлекет басшысы тапсырмасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталып отыр. ЖОО-ын немесе колледж бітірген түлектерге қазір мамандық бойынша жұмыс табу қиын емес. Тіпті, 4-курста оқып жүрген олар практикадан өтпей, жиі жұмысқа шақырту алып жатады.
«Келісімшарт жасалған базалық кәсіпорындарда тәжірибеден өткен біздің түлектер бірден өз мамандығын таңдайды. Кейбір студенттер бірден жұмысқа шақырылады. Жұмыс берушілерге тікелей хат жібереді. Көбіне жастардың қызығушылығы нәтижелі болып, өздері таңдаған мамандығы бойынша қызметке тұрып жатады», – деді «Astana Polytechnic» Жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Ирина Ракишева.
Қолында дипломы бар, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ жас маман үшін министрлік екі жобаны іске қосты. Бұл «жастар тәжірибесі» және «алғашқы жұмыс орны». Оларға қатысу үшін кез-келген жас жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады. Электрондық еңбек биржасына өтініш беруі керек. Колледж немесе университет түлегі өзіне ұнайтын жерде жұмыс тәжірибесін ала алады. Бұл ретте оған жалақыны мемлекет төлейді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл басында жалақы мөлшері мен аталған жобаға қатысу мерзімі ұлғайтылды. Егер бұрын жастар 6 ай тәжірибеден өтсе, енді 12 ай. Жоба бойынша бұрын мемлекет жұмыс орнының 12 айлық жалақысын субсидияласа, енді субсидиялау 18 айға дейін ұзартылды», – деді ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаева.
Тағы бір айта кетерлігі 2 жобаның қатысушылары үшін жалақы көлемі ұлғайтылды. Бұрын «Жастар тәжірибесі» бойынша 25 АЕК немесе 75 мың теңгеге жуық төленген. Ал «бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша төлем мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Қазір 2 жоба бойынша жалақы 30 АЕК-ке дейін немесе 92 мың теңгеге дейін өсті.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы