Осыдан тура 80 жыл бұрын таңғы сағат төртте неміс фашистік басқыншылары Брест қамалына тұтқиылдан шабуылдап, дүниежүзін дүр сілкіндірген сұм соғыстың басталуына жол ашты. Қанды қырғын ананың көз жасы мен боздақтардың қанын судай ағызды. Ал, бүгінгі ұрпақ 22 маусымда болған дәл осы тарихи оқиғаның маңызын біле ме? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
1941 жыл. Брест қорғанысындағы әскери қызметкерлер курсанттардың ант беру рәсімін өткізіп, салтанатты кештен кейін қалың ұйқыға кетеді. Ал, таңғы 04.00-де неміс фашистерінің толассыз шабуылы басталып, тойтарыс беруге күші аздық қылар Кеңес әскері талқандалды. Осылайша, Еуропадан бастап жалмап келе жатқан фашист басқыншылары Азияға қарай бет алды. Шағын ауылдарға еніп, бейбіт тұрғындарға адам төзгісіз қорлық көрсетті.
«Мен Ұлы Отан соғысының майдан шебінде ел қорғаған жауынгердің ұлымын. Балалық шағымда дәл осы сұм соғысқа қатысқан батырларды өз көзіммен көріп, ерлігі туралы аңыздарды тыңдап өстім. Олар ең алдымен Отан үшін, одан кейін ұрпақтың амандығы үшін жан аямай күресті», – деді ҚР Генералдар кеңесі президиумы төрағасының орынбасары Наиль Мулдахметұлы.
1940 жылы 21 маусымда Гитлердің тапсырмасымен құрылған «Барбаросса» жоспары бойынша, Киев, Мәскеу, Ленинград қалаларын басып алып, Архангельск - Волга - Астрахан шегіне шығу көзделген. КСРО шекарасына 5,5 миллион әскер, 4300-дей танк, 5000-дай ұшақпен қаруланған «Оңтүстік», «Орталық», «Солтүстік» армиялар тобы жинақталды. «Барбаросса» жоспары аз ғана уақыт ішінде орындалып, Кремельдегі Қызыл алаңда шеру өту керек еді, алайда одақтас 15 республиканың жанқиярлығының арқасында жауға тойтарыс беріліп, жоспардың күлі көкке ұшты.
«Германияны жеңіп шыққан Америка мен Англия деп, сондай әңгімелер шығып жатқанына байланысты біз өзіміз айтуымыз керек. Бұл соғыста ең көп қиыншылық көрген, көп қыршын болған ол Кеңес Одағының адамдары. Сол Кеңес Одағы адамдарының арасында біздің қазақ өкілдері», – деді генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков.
22 маусым – сұм соғыстың құрбандарын еске алатын, сондай-ақ адамзаттың үлкен қайғыға әкелген қателігін қайталамау үшін, тәубеге келтіретін күн. Себебі 80 жыл бұрын дәл осы күні Үшінші Рейхтың жариялаған соғысы талай боздақтың өмірін қиып, қалаларды қан сасытты.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы