Қазақстан жол сапасы жағынан әлем елдерінің ең соңында тұр

12.07.2019 00:38

3.5 жылда аталған салада 100-ге жуық коррупциялық заңбұзушылық тіркеліпті

фото из открытых источников

Еліміздегі жол сапасының соншалықты нашар болуы ең бірінші жемқорлықтың белең алуымен тікелей байланысты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мәселенің шығу себебін осыдан көреді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы үш жарым жылда аталған салада 100-ге жуық коррупциялық заңбұзушылық тіркеліпті. Анықталғаны, 2018 жылдың қорытындысында әлем елдерінің автомобиль жолдарының сапасы рейтингісінде Қазақстан 140 елдің ішінде 106 орынға тұрақтаған.

«Әшкереленгендердің қатарында «ҚазАвтоЖол», «ҚазақАвтоЖолдың» лауазымды тұлғалары, жергілікті атқарушы органдардың, «Облжолзертханалар» базасында құрылған Жол активтерінің сапа орталығының лауазымды тұлғалары және өзге де құрылымдардың өкілдері бар. Күні кеше ғана ақпарат құралдарынан «ҚазАвтоЖол» Павлодар филиалының және Жол зертханасының басшыларына үкім шыққанын көрдіңіздер», – деді  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас БЕКТЕНОВ.

Мамандардың айтуынша, жол құрылысы саласындағы жемқорлық негізінен келісімшарттарға қол қою үшін пара беруге, заңсыз кәсіпкерлікке қолдау көрсету, әкімшілік шара қолданбау, мемлекеттік сатып алулар барысында қаражат ұрлауға тікелей байланысты. Түйткілді шешу үшін жол активтерінінің сапасын бақылау ұлттық орталығында жобалық кеңсе ашылды. Кеңсе көлік жолдары саласындағы жемқорлық бағыттарына қарсы жұмыс істейтін болады.

Теги: рейтинг