Құрылысы екі айда аяқталғанын айтқан жергілікті билік көпір маңындағы жолды да жөндепті
«Қылкөпірден құтылдық». Осылай деген Алматы облысы Көктал ауылының тұрғындары екі ауылды жалғайтын ескі өткелдің жаңарғанын айтып қуанып отыр. Елдімекен халқы осыдан үш ай бұрын тозығы жеткен көпірден әзер өтеміз деп арнамызға сұхбат берген еді. Ауыл адамдарының сөзінше, көпір құрылысының жұмысы сол көпшіліктің арызынан кейін басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауыл арасын жалғайтын жалғыз жолдың тозығы жеткенін жұрт жиі айтып келіпті. Екі мыңға жуық халқы бар ауылдың мектеп баласы да дәл осы көпірден өтетін.
«Ескі көпірде жүру өте қиын еді. Өзімізде талай өттік, осы мәселені көтеріп едік. Жаңа көпір пайда болды, жолымыз жақсы», – деді Көктал ауылының тұрғыны Аңдас Құрманбеков.
Арызын айтқан ауыл адамдары қалаға қатынайтын жалғыз жолдан өту үшін көлікті де қалдырып кететінін айтқан болатын.
«Алматы» телеарнасына рахмет! Жағдайымызды көріп, әкімшіліктің адамын шақырып, жасатып беріп жатсыздар. Көңіліміз көтеріліп қалды», – деді Көктал ауылының тұрғыны Бинұр Қалмұрзаева.
Құрылысы екі айда аяқталғанын айтқан жергілікті билік көпір маңындағы жолды да жөндепті. Алайда әлі де кем тұстары барын жасырмады. Ол олқылықтар алдағы жылы толық аяқталады екен.
«Алматы» теларнасы келіп түсірді. Оған дейін тендер жарияланған. Жол бөлімінің бастығы да келген. Жолдың стандарты бойынша 6 метр и 1,30 метр жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жүргізілді», – деді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Ескенбаев.
Көпір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оған қоршау орнату да қарастырылыпты. Ал бетоннан құйылған көпір Қайнар ауылдық округіндегі Көктал ауылын басқалармен жалғайтын жалғыз жол болып есептеледі.
Көктал ауылының тұрғындары бұған дейін телеарнаға шағым айтып, хабарласқан еді
Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы