Жұмсаған ақшамыз желге ұшты: Атырау облысының тұрғындары құрылыс компаниясын сотқа бермек

13.05.2023 01:03

Жобада көрсетілген архитектуралық нысандар іс жүзінде жоқ

Almaty.tv

«Жұмсаған ақшамыз желге ұшты». Осылай деп бас көтерген Атырау облысының тұрғындары элиталы үйден сатып алған пәтер сын көтермейтініне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен жиналған жұрт осыдан 2 жыл бұрын қаладағы ең қымбат тұрғын үй кешенінен баспаналы болған. Алайда қуанышы ұзаққа созылмапты. Өйткені жобада көрсетілген архитектуралық нысандар іс жүзінде жоқ, тек қағаз бетіндегі сызба күйінде қалған. Тұрғындар миллиондап қаржы құйған үйдің сапасыз болғанына наразы. Ойын алаңы көпке шыдамай қирап қалған. Соның салдарынан балалар бірнеше рет жарақат алған.

– 20-30 мың теңгеге темірмен жасап қойған. Әрбір үйде бала бар, ойын алаңы шіріп кеткен, қоқыс жәшігінің сапасы өте төмен. Жел бола қалса, бәрі құлайды, – дейді қала тұрғыны Әліби Байжанов.

Тұрғындардың айтуынша, жобада үй ауласына шлагбаум қойылуы тиіс болған. Әрі футбол алаңы жасалып, бірнеше ойын алаңы болуы қажет еді. Ал үйдің маңайына түгелдей жасыл желек отырғызылуы керек болған. Бірақ ойын алаңы қирап, құлап жатыр. Бұл балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр.

– Бізге «682 ағаш отырғызылады, футбол алаңы салынады» деген еді. Қазір ешқандай футбол алаңы жоқ, – дейді қала тұрғыны Айман Дәулетиярова

Ашулы тұрғындар мердігер компанияның кеңсесіне барды. Бірақ есікті тарс жапқан мекеме өкілдері телефонға да жауап бермеді. Ал құрылысқа жауаптылар тексеру барысында компания сыртқы архитектуралық жобаға бөлінген қаржыны құбырды жөндеуге жұмсағанын анықтаған. Енді ауланы абаттандыруға қаражат жоқ көрінеді.

– Біздің басқарма тарапынан тұрғын үй салған компания да, қаланың құрылыс бөлімі де жауапқа тартылып отыр. Басқарма тарапынан шара қолданылды және нұсқаулық берілді. Енді келісімшарт талабы орындалмағандықтан, сот арқылы реттеуге тура келеді, – деді Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Әсет Сембаев

Діңкесі әбден құрыған бұқара енді уәдесін орындамаған құрылыс компаниясын сотқа бермек. Әрі салған ақшасының тең жартысын өндіріп алмақ.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау