«Жусан-2» операциясы барысында Қазақстанға Таяу Шығыстан 231 адам әкелінді
Сириядан қайтарылған жиырма отандасымыз лаңкестікке барды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің «Жусан-2» арнайы операциясына қатысты өткізген жиынында айтылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Аталған басқосуға журналистерден бөлек сол «жиһадқа» аттанғандардың туыстары да қатысты.
Бірнеше жыл бойы соғыс ошағына айналған Сириядан Қазақстанға оралған 33 жастағы әйел де тілшілермен әңгімелесуден бас тартпай, Шам жеріне қалай барғанын баяндап берді. Айтуынша, күйеуі бір жылдары дәстүрлі емес ислам ағымына кіріп, содан ізім-ғайым жоғалған. Оны іздеуге шыққан әйел Сирияға тап болғанын айтады. Сол елде бірнеше жыл тұрып, нәрестелі де болыпты.
«2013-2017 жылдары сол аймақта болдым. Кейін күрдтерге өзім келдім. Күйеуі қайтыс болғанға дейін мен кеткім келетіні туралы дауыс шығарып айта алмайтынмын. Өйткені, күйеуімді сол үшін өлтіруі мүмкін еді. Өте қорқынышты болды. Күніге бомабаның жарылғанын көресің. Өмірім үшін қатты қауіптендім», - дейді Сириядан елге оралған әйел.
Айта кетейік, «Жусан-2» операциясы барысында Қазақстанға Таяу Шығыстан 231 адам әкелінді. Олардың 156-сы балалар. 18-і жетім. Қалған 59-ы әйелдер болса, 16-сы ер адамдар.Ұлттық қауіпсіздік комитеті сол ер адамдарды түгел және 4 әйелді қамауға алды. Оларға лаңкес деген айып тағылып отыр. Ал, қалғандары Ақтау маңындағы оңалту орталығына жіберілді.
«Медициналық тексерістер өткізіліп, карантин белгіленді. Олармен психологтар, теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері жұмыс істеуде. Құжаттарын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетілді. Сонымен ұатар, олардың террористік іс-әрекеттерге қатысуы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Кедергі келтіретін жағдайлар болмаса, карантин мерзімінің аяқталуымен әйелдер мен балалар бұрынғы мекен-жайларына қайтарылады», - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек РАХЫМБЕРДИЕВ.
Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыстағы соғыста шамамен әлі 300 қазақстандық бар дейді.
Қазіргі таңда қоғамда «Сирияға өз аяқтарымен кеткендерді не үшін елге қайтарды» деген сауал туындап, оның төңірегінде біраз пікірталас та жүріп жатыр. Мамандар ол сұраққа жауапты қысқа қайырды: «еш кінәсі жоқтарды отанға қайтару әлемдік практикада бар» дейді.
Айта кетейік, қаңтардағы «Жусан» гуманитарлық операциясында 47 отандасымыз елге оралған еді. Оның 30-ы балалар. Бұл шараға жауаптылар оқ пен от арасындағы қазақстандықтарды елге қайтару ісі жыл соңына дейін бітіп қалуы тиіс отыр.