Заңсыз ойын бизнесіне қатысты 150-ге жуық дерек бойынша тергеу жүріп жатыр
Алматы облысында астыртын жұмыс істеген 4 казино анықталып, жұмысы тоқтатылған. Сондай-ақ қазір заңсыз ойын бизнесіне қатысты 150-ге жуық дерек бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігіне тиесілі экономикалық тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесін жою үшін тиісті іс-шаралар жүргізіп келеді. Дегенмен мамандар «былтыр Алматы облысында анықталған деректер көңіл көншітпейді» дейді.
«Өткен жылы 29 факті тіркелді. Нәтижесінде 100-ден аса ойын автоматы тәркіленді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бүгінгі таңда сот шешімі бар. Соның негізінде тәркіленген барлық ойын автоматы жойылады», – деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Құрбан Нұраддинов.
Бүгінде ойын автоматтарын заңсыз қолдану кеңінен тараған. Дегенмен терминалды жасанды аппараттан QR көмегімен ажыратуға болады. Экранға шығатын кодта лоторея аппаратының тіркелген ресми сайты белгіленеді. Бұл терминалдың бірыңғай базада барын және оған бақылау жасалып отыратынын білдіреді.
«Лоторея ойнағысы келген адам бірінші кезекте өзі жайында ақпаратты толтыруы керек. ЖСН толтырғаннан кейін оның 18 жасқа толғандығы көрсетіледі. Мұның барлығы лотерея ақпаратын өңдеу орталығына енгізіледі. Ол жерде қандай адамдар қатысты,қанша ұтыс болды, қанша билет сатылды, ақпарат көрсетіледі», – деді Ұлттық лоторея операторының pr-менеджері Шынболат Пазыл
Тиын салып, теңге қылуды, ойланбай-ақ олжаға кенелуді қалайтындар қатары азаяр емес. Жеңіл ақшаға желіккендер ойынның арты орға жығарын о баста ұға бермейтін көрінеді.
«Ойын ойнау менің өміріме өз әсерін бере бастады. Барған сайын мен үлкен көлемдегі қарызға баттым. Бірақ миымда соған сай үлкен иллюзиялар құруды әдетке айналдырдым. Ішімнен «міне, қазір қомақты ақша ұтамын да, қарыздарымнан құтыламын» деген ойлар кетпеді», – деді құмар ойыннан емделуші
«Құмар ойынға қалай тәуелді болып қалғанын адам өзі байқамайды» дейді дәрігерлер. Лудоманияға өз ісіне жауапкершілік ала алмайтын, бала кезінде анасымен дұрыс қатынасы болмағандар немесе шұғыл қаржыға мұқтаж болған адамдар ілігетін көрінеді.
«Мәселен маскүнемдікке не нашақорлыққа шалдыққан адамның 33 пайызы қандай да бір қылмыс жасауға бара алады. Ал ойынға тәуелді адамдардың 50 пайызы оп-оңай қылмыскерге айнала алады. Көбіне олар ауыр емес, ұрлық, алаяқтық сияқты жеңіл қылмыс жасауға бейім болады», – деді психиатр Айгүлім Әбетова
Мамандар адамның құмар ойынға бейім не тәуелді екенін бірден анықтау қиын екенін айтады. Сондықтан лудоманияны алдын алу үшін әсіресе ата-аналар баламен байланысты берік ұстағаны абзал.
Назкен Еркін, Адина Смағұлова, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы