Алматыда әлеуметтік нысандарды мүгедек жандарға бейімдеу жұмыстары жалғаса бермек

17.06.2020 00:39

Қаладағы 200-ден астам нысанның негізі талапқа сай емес екені анықталып, ескерту жасалды

Фото: inalmaty.kz

Нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына бейімдеу жұмыстары тек пандус салумен шектелмеуі тиіс. «Нұр Отан» партиясының өкілдері қала орталығында арнайы рейд жүргізіп, бірқатар мекемелерге осындай ескерту жасады. «Кедергісіз келешек» жобасының талабына сәйкес, соңғы салынған  ғимараттардың бәрі пандуспен жабдықталуы керек.  

Бұл спорт кешенінде пандус болғанымен, жай аты ғана. Нысан ертеректе салынғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұнда жағдай қарастырылмаған. Ұлан Іңкәрбековтің айтуынша, қалада ыңғайсыз жерлер өте көп. Ол пандустан электр арбасы арқылы әрең көтерілді. Бәрінен бұрын механикалық арбамен жүретіндер үшін қиын дейді.

«Мен қазір мына электр арбамен көтерілгенде артқа қарай аударылып кетемін бе деген сезім болды. Сондықтан мен кішкене еңкейіп отырдым. Ал механикалық арба айдаған кезде, қолымен итергенде артқа қарай шалқаясын, сол кезде арбада отырған кісі артқа аударылып кетуі мүмкін», - деді Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан ІҢКӘРБЕКОВ.

Жыл басында мамандар бұл нысанға тексеру жүргізіп, бірнеше олқылықтың бар екенін анықтаған. Алғашқыда спорт кешенінің иесі тек ескертумен шектеліпті. Әлеуметтік нысан қазір комиссия бақылауында.

Мониторингтік топ аралаған екінші нысан - қаладағы студенттер емханасы. Бұл жерде мүгедектерге барлық жағдай жасалған десе болады. Арбамен жүргендерге баспа жанынан орналасқан тұтқа, әр жарты метр сайын резеңкемен бекітілген жолақтар орнатылған. Бұл арбаның тайып кетпеуі үшін жасалған.

Арнайы тексеру тобы ішке кіре берген сәтте дәретхананың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайсыз салынғанын көрді.

«Мектептер мен балабақшаларда да осы жобалар тұрақты қолға алынып жатыр. Жаңадан тұрғызылған объектілердің бәрі де осы жоба толығымен толыққанды қамтамасыз етілуі қажет. Әрине, Кеңес одағы кезінде мұндай жоба болмағаннан кейін аздаған қиындықтар бар. Бірақ қазір оның бәрі жөнделеді деп ойлаймын», - деді «Nur Otan» партиясы Бостандық ауданы филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Болатжан БОЗЫМБАЕВ.

Бүгінге дейін «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қаладағы 500-ден астам әлеуметтік нысан тексерілген. Нәтижесінде, оның 200-нің негізі талапқа сай емес екені анықталып, ескерту жасалды. Оны елемегендерге айыппұл салынады.