Халықтың бюджетке қатысуы: Әуезов ауданында 23 жоба аяқталды

20.09.2022 00:39

Қала бойынша былтыр тұрғындар 934 жобаға ұсыныс берген екен

Almaty.tv

Алматыда «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар ел игілігіне беріле бастады. Бүгінде Әуезов ауданында тұрғындардың өтінішімен жасалған 23 жоба толығымен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Халықтың бюджетке қатысу» бағдарламасы үшінші жыл қатарынан сәтті жүзеге асып келеді. Оның аясында қараусыз қалған аймақтар ретке келтіріліп, жаңа аулалар жасалып жатыр. Мәселен Мамыр-1 шағынауданындағы балалар алаңы жөнделді.

«Бұл жерде ештеңке болмаған. Қазір балаларға өте әдемі алаң салынды. Бізге де, балаларға да жақсы болды», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Жанар Байжұманова.

Бағдарлама аясында жасалатын әрбір жоба халықтың талап-тілегімен, тұрғындардың талғамына қарай жасалады. Биыл тұрғындар Open Almaty порталына өтініш білдіріп, орынды арнайы таңдапты.

Балалар алаңының жанында шағын скейтпарк та салынған. Ал үй жануарларын асырайтын тұрғындар ит серуендетуге арналған арнайы орын жасауды ұсыныпты.  Жалпы қалада серуендейтін орындар мен аулаларды абаттандыру жұмыстары жоспарлы жүріп жатыр. Ақсай-2 шағынауданындағы скверді көріктендіру жұмысы да аяқталып қалған. Жаңа жарық бағандары орнатылып, жол тас кірпіштермен өрілген.

«Күнде жұмыстан шығып осы жақпен өтемін. Күшті дамып жатыр. Жүрген кезде топырақ-топырақ болып, бұзылып тұрған. Қазір бәрі тегістелінген. Жүргенде әдемі, демалып өтесің ғой», – деді қала тұрғыны Раушан Бисебаева.

Биыл Әуезов ауданында бюджетке қатысу бойынша халықтан 95-ке жуық өтініш келіп түскен. 23 өтініш жүзеге асыру туралы шешіп шығып, қазір барлығы толығымен ел игілігіне берілген.

«23 жобаның ішінде ауқымдылары да бар. Оның ішінде Момышұлы көшесі мен Марғұлан көшесінің қиылысында орналасқан жүргіншілер жолында жұмыстар жүргізілізіп жатыр. Төле би көшесінің оңтүстігі, Фуркат көшесінің қиылысы, автовокзалдың маңайы. 11, 7-шағынауданында жұмыстар жалғасып жатыр», – деді Әуезов ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің басшысы Әлімжан Саяхмет.

Қала бойынша былтыр тұрғындар 934 жобаға ұсыныс берген екен. Оның 256-сы жасалған. Бүгінде келесі жылға жоспарланған жобалардың тізімі әзірленіп жатыр. Жалпы әкімдік өкілдері халықтың бағдарламаға өтініш беруі 33 пайыз артқандығын айтады. Ал биыл берілген 1251 өтініштің ішінен тек дауысқа түсіп, іріктелгендері ғана 2023 жылы жүзеге асырылады.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы