Кенеден сақтану үшін нені білген жөн

08.04.2022 01:30

Зиянкестердің белсенділігі маусым айында күрт артады

Almaty.tv

Кенеден сақтанатын кез келді. Алматыда күн жылынғалы кене шақты деп шағымданушылар саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Соңғы 1,5 айда 35 адамды кене шақса, оның 22-сі 14 жасқа толмаған бала. Сондықтан да мамандар дезинфекция жұмыстарын тау баурайынан бастаған. Зарарсыздандыру жұмыстары Әл-Фараби даңғылына барып аяқталады. Сондай-ақ, арнайы бригада қаладағы саябақтар, гүлзарлар мен ормандарды да зиянкестерден тазартады. Дезинфекцияланған аймақта 3 сағатқа дейін демалуға болмайды.

«Қала тұрғындары мен қонақтары орманды жерлерге серуендегенде жабық әрі ашық түсті киім киіп барғаны жөн. Адамдар бір-бірінің үстіне мән беріп қарағаны дұрыс. Егер кене шағатын болса бірден дәрігер  көмегіне жүгіну керек. Ал таулы, орманды жерлерге жиі баратын адамдар арнайы вакцина алғаны дұрыс», – деді Бостандық аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Сара Тілеубергенова.

Кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмысы жыл сайын ұйымдастырылады. Мамандар әуелі энтомологиялық талдау жасайды. Нәтижесінде тау бөктерінен кене табылған. Жалпы кенелердің  белсенділігі мамыр және маусым айында күрт артады. Саны көбейіп, кене энцефалитін жұқтыру қаупі жоғарылайды. Зиянкестер көбіне ылғалды жерлерде, орманды аумақтарда кездеседі. Кейінгі жылдары тіпті қала ішінде, үйлердің маңында, саябақтарда да мекендейтін болған.

«Биыл эпидемиологиялық кезең басталғалы 35 адам шағымданған. Оның 22-сі 14 жасқа толмаған балалар. Оларға уақытылы медициналық көмек көрсетіліп, барлығы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алды», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Бибігүл Нұрғалиева.

Кене шаққан адамға дер кезінде көмек көрсетілмесе, онда ағзаға энцефалит вирусы жұғуы ықтимал. Адамның миды зақымданып, мүгедек болуы, тіпті, өліп кетуі де мүмкін. Мамандар медициналық мекеме шалғайда орналасса, кенені денеден тезірек алуға тырысу керегін айтады.

«Арнайы пинцетті қолдануға болады немесе жіппен алуға тырысу керек. Оның басын байлап, біртіндеп шығару керек», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Бибігүл Нұрғалиева.

Жалпы қалада жыл сайын 2 мыңнан астам адамды кене шағады. Қауіпті жәндіктің құрбанына көбіне балалар айналады екен.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы телеарнасы