Қала әкімінің айтуынша, демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектеседі
Бүгін таңертең ғана елордада үш жасар қыздың өмірін құтқарып қалған көпбалалы әке Сәбит Шонтақбаевқа депутат Ғабит Сәтмағамбетовтің жеке қоры үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қор директоры, депутат Ғабит Сәтмағабетов Сәбиттің кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалған видеосын көрген. Өзі қызмет бабымен шет мемлекетте жүргендіктен, қордың басшысына хабарласып, ақпараттың бәрін анықтауын тапсырған екен.
Сондай-ақ Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болды.
«Өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбиттің ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтты», – деді қала әкімі.
Қала әкімінің айтуынша, демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесіп, жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама беріледі.