Тұрғындардың сауалына аудан әкімі тікелей эфирде жауап береді
Алатау ауданында көріктендіру мәселесі қалай жолға қойылған? Жергілікті тұрғындар жасыл желектің жоқтығын, шаңы мен батпағы таусылмайтын жолдардың мәселесін жиі айтамыз дейді. Мәселенің көп бөлігі Саялы мен Ұлжан шағын аудандарында деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көгалдандыру жұмыстарының жоқтығын айтып шағымданған тұрғындар аудан әкімдігінен әлі де болса үміт күтеді.
- Қаншалықты рас-өтірік екенін білмеймін, естуімше, тек Алатау ауданында ғана көгалдандыру жұмыстары осылай ақсап тұр. Алғаш көшіп келгенімізде ағаш отырғызған, оның көбі өспей қалды, тағы біразы балалар сындырды. Жыл сайын көгалдандыруға қыруар қаражат бөлініп жатады, бірақ, неге екенін білмеймін, біздің шағынауданда ағаш жоқ.
- Айналмалы жол жасап берді, бірақ ағаш жоқ. Бары құрғап, шіріп кетті. Жанымыз ашып, өзіміз су тасып құйдық. Егілген ағашқа да күтім керек қой, оны жасамайды.
- Ағашты айтпағанда, жолымызды да жарытқан жоқ, қалай болса солай салып кете салды, бір жаңбырдан кейін ойылып, түгі қалған жоқ. Осындай шала жұмыс қашан тоқтайды? – деп ашынды Саялы мен Ұлжан шағынаудандарының тұрғындары.
Халықтың бұл сұрағына осы аптаның бейсенбісінде «Алматы» телеарнасында кешкі сағат 19:30-да Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев жауап береді. Әкімге сұрақты тікелей эфир кезінде немесе телеарнаның ресми сайтына кіріп қалдыра аласыздар.