Алатаяққа тыйым салынған жылдары 4-5 жол сақшысы жолда зақым алса керек
Полицейлер жақында ғана қызметіне қайтарылған алатаяқты бұдан былай оңды-солды пайдалана алмайды. Әсіресе, жол жүру ережесін бақылайтындар қолындағы көмекшісімен көлік тоқтатуға қауқарсыз. Ішкі істер министрі журналистерге нақты полицейлер қандай жағдайда таяқшаның керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2017 жылдан бері ала таяқтың орнына жасыл-көк қолғап және жейдемен жол ережесін реттеген полицейлерге бірінші қыркүйекте таяқ-көмекші қайтарылды. Бірақ бұл жолы оны қолдануда біраз өзгерістер бар. Мысалы, алатаяқты жолдағы көлікті тоқтатуға болмайды.
«Біздің әр экипажда оқыс оқиға кезінде, адам құтқарарда арнайы қобдиша бар. Соның ішіне алатаяқ кіреді. Енді бұдан былай бұл көмекші құрал жолдағы кептелісті реттеуде, жол-көлік оқиғасында, жолдағы көру нашарласа, бағдаршам өшкенде, жөндеу жұмыстары кезінде және делегацияны алып жүруде қолданылады. Қалған жағдай болмайды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.
Темір тұлпар легі көп жолдарда алатаяқпен көлікті тоқтату шешімі тізгіндеуші мен инспекторға да қауіпті. Оның үстіне, барлық қалаларда бейне-бақылау жүйесі іске қосылғасын, оның керегі де жоқ деді министр. Ал, мамандар болса, екі жылға жуық алятаяқсыз кезеңде 4-5 жол сақшысы жолда зақым алғанын айтады. Әсіресе түн мезгілінде.
«Бұл шешім бізге, қоғамға ыңғайлы. Негізгі себеп, түнгі уақыттарда жол оқиғалары көп болып тұрады. Соған байланысты алатаяқшаны өзімізге қайтарды. Бәрі оңалып келеді. Өзімізге де ыңғайлы. Халық та көріп, Жүргізушілер де қуанып жатыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы патрульдік полициясының аға инпекторы Бағлан УӘЛИЕВ.
«Алатаяқ қайтарылды» деген жаңалыққа әлеуметтік желіде қазақстандықтар бұл оң шешім деген пікір білдіруде. Ескерте кетейік, егерде патрулдік полиция сізді тоқтатқанын көрсеңіз, оның құқығы жоқ деп өтіп кетпеңіз, әлі де жол сақшысына бойұсынуға міндеттісіз.
Тағы бір жаңалық - көмекші-таяқшаларға мемлекеттен бір тиында жұмсамайды, заң да өзгермейді. Демек, мамандар ескі алатаяқтарын қолдана береді.