Алматыда төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат аяқталады

19.01.2022 01:23

Алайда қала аумағында антитеррорлық іс-шара режимі мен террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі сақталып отыр

Алматы қаласының комендатурасы 19.01.2022 жылы сағат 00:00-де қалада төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағаттың аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алайда комендатура қала аумағында антитеррорлық іс-шара режимі және террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейінің сақталғаны туралы еске салады.

«Терроризмге қарсы іс-шаралар аясында Алматы қалалық ПД, Ұлттық ұланның және ҚР қорғаныс Министрлігінің әскери қызметкерлерінің күштері қаланы тәулік бойы патрульдеуді қамтамасыз етеді.  Блок-бекеттер жұмысын жалғастыруда», - делінген хабарламада. 

Террорлық қауіп-қатердің «қызыл» деңгейінде құқық қорғау органдарына азаматтардың заттарын, көлік құралдарын жеке тінтуге, сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға рұқсат етілгенін еске саламыз. Шерулер мен митингтерге тыйым салынады. 

«Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, олардың заңды талаптарын орындауларыңызды сұраймыз. Антитеррорлық іс-шара режимінің аяқталу мерзімі туралы қосымша хабарлаймыз», - делінген хабарламада.