Любовь Котованың сөзінше, қаншама жыл өтсе де үй кезегі жылжымайтын көрінеді
Ақмола облысында жетімдер үйінің түлегі 11 жылдан бері әлі үй ала алмай жүр. Любовь Котованың сөзінше, қаншама жыл өтсе де үй кезегі жылжымайтын көрінеді. Қазіргі уақытта екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ол көмек сұрап бармаған жер, баспаған тауым қалмады дейді. Туған-туысы жоқ балалар үйінің түлегінің мұңын Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай естіп қайтты.
Любовь Котова 6 жасынан бастап Ақмола облысындағы Сандықтау балалар үйінде тәрбиеленеді. Әкесі мен анасы ерте қайтыс болған. Кейін күйеуімен дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен. Тағдырдың тәлкегіне түскен жетімдер үйінің түлегі Заңмен өзіне тиесілі үйді де ала алмай әбден қажыдым деп қынжылады.
«2010 жылы кезекте 183-болып тұрған едім. Одан бері 11 жыл өтсе де, қазір әлі 51-орында тұрмын. Бірақ Ақмола облысында құрылыс қарқынды жүруде. Бұл шағын ғана қала. Үйлер тез салынып жатқан соң, кезек те ерте келуі керек қой. Ал, менің кезегім бойынша үйді қазір ала алмайтын сияқтымын. «Нұр Отанға» да, әкімдікке де көмек сұрап бардым. Олар тек кезегіңді күтесің де айтады», – деді Ақмола облысының тұрғыны Любовь Котова.
Бойжеткеннің айтуынша, біресе тұрғын үй кезегі кейінге жылжып, біресе құжаттарын жоқ қылып жіберген. Қазір Любовь екі баласымен ескі жатаханадағы бір бөлмені 60 мың теңгеге жалдап отыр. Ал, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жетім қыздың кезекте тұрғаны туралы ақпаратты растады.
«Қазіргі таңда деректер базасына сәйкес Котова Любовь Викторовна жетім балалар ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар санаты бойынша номері 52-болып кезекте тұр. Аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қатаң түрде кезек бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Бұланты ауданының Макинск қаласында мемлекеттік қордан жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарланбаған», – деді Ақмола облысы Бұланды ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айнұр Қалиева.
Сонымен қатар әкімдіктегілер биыл тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтар тізімін түгендеуді жоспарлап отыр екен. Ол шарадан кейін кейіпкерімізге өз кезегін нақтылау үшін қайтадан жергілікті атқарушы органға жүгінуге кеңес берді.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» арнасы