Мұқтаж жандарға көмек келесі екі күнде де жалғасады
Діни қызметкерлер еріктілердің қолдауымен бүгін таңертеңнен бастап исламның заңдары мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, құрбандық шалу рәсімін бастады. Осылайша, дін қызметкерлері qurban2021.kz сайты арқылы қайырымды жандар тапсырыс берген құрбандық малын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда Құрбан айттың бірінші күні 220 жануар құрбандыққа шалынды, оларды Алматы тұрғындары қашықтан құрбан етті.
Құрбан айт мерекесі екінші жыл қатарынан қашықтықтан өтуіне байланысты, құрбандық шалу рәсімі qurban2021.kz. интернет платформасында өтінім жасаған тапсырыс берушілердің қатысуынсыз өтті.
Бұл сайт өз кезегінде қайырымдылық жасайтындар мен мұқтаж адам арасындағы байланыстырушы құрал. Тапсырыс берушілерге рәсімді өткізу туралы толық бейнебаян көрсетіледі. Мұның бәрі арнайы мал сою орындарында адам көп жиналмайтындай етіп ойластырылған.
Сайт мүмкіндігін тек құрбандыққа шалғысы келетіндер ғана емес, мұқтаж адамдар да пайдалана алды.
Барлық ет аз қамтылған адамдарға таратылды. Мерекенің алғашқы күнінде 680 отбасы ет түрінде көмек алды. Оны дін өкілдері, имамдар мен еріктілер жеткізді.
"Орбита" мешітінің бас имамы Жанболат Сапашов құрбандық шалудың жаңа форматына қарамастан, игі іс жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шешім қабылдаған барлық еріктілерге, қайырымдылық жасаушыларға алғысын білдірді. Ол Алматының барлық тұрғындарына денсаулық, амандық пен Алланың рақымын тіледі.
Имамдардың айтуынша, тапсырыс берушілер құрбандық рәсіміне қатыса алмады деп алаңдаудың қажеті жоқ. Кез келген игі істі Алла Тағала міндетті түрде бағалайды. Дінге сәйкес, басқа мұсылманға өкілеттік беру арқылы жануарды өз атынан құрбан етуге рұқсат етіледі.
Мұқтаж жандарға көмек келесі екі күнде де жалғасады. Өз кезегінде көмек алған отбасы мүшелері, сондай-ақ жалғыз басты зейнеткерлер Алматы мұсылмандарының рухани басқармасына, еріктілер мен қайырымдылық жасаушыларға жомарттығы мен қайырымдылығы үшін алғыстарын білдірді.
Еске салсақ, биыл бүкіл әлемде Құрбан айт мерекесі індетке байланысты шектеулермен өтті. Алматыда құрбандық шалу рәсімдері онлайн түрде өтті, ал ұжымдық намаздарға тыйым салынды.