Талай адам суға ағып кетті: ауыл тұрғындары қауіпті көпірмен қатынауға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл – Кеңдала ауылы мен Рахат елдімекенін жалғайтын жалғыз өткел
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Талай адам ағып кетіп, сүйегін сайдан таптық». Осылай деп шағым айтқан Алматы облысының тұрғындары ағысы қатты арнаға адам өтетін көпір керек дейді. Кеңдала елдімекенінің халқы жұмысқа жамау-жамау өткелмен қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңдала ауылы маңындағы көпірге қатысты дау туындағалы тұрғындардың да шырқы кеткен. Жұрт ауылға ат басын бұрған ақжағалылардың айтатын сөзін жаттап алған. Елдің айтуынша, түнделетіп өткен талай тұрғын суға ағып кеткен.

– Қаншама адам ағып кетті. Кішкентай балалар, мектептің балалары ағып кетіп, денесін анау сайдан, құс фермасы жақтан тауып алды. Сондықтан бұны қанды көпір деп айтады, – деді саяжай тұрғыны Рахым Нұрлыкешов.

Арнаның ағысы адам түгілі, малдың өзін оп-оңай ағызып кете алады. Ал саяжай тұрғындары өйтүп-бүйтіп өздері құрастырған көпір қорқынышты күйде тұр. Бұл өткелден күніне жүздеген адам жұмысқа, оқушылар мектепке барады.

– Алдыңғы жылы аяғы ауыр әйел суға ағып кетті. Кейін 2 жігіт суға кетіп, көз жұмды. Қайда барамыз? Осында бір көпір салып бере алмай ма, түсінбеймін? – деді Рахат ауылдық округінің тұрғыны Айдар Нұрғазиев.

Былтыр азық-түлікке шыққан әйел де осы көпірмен өтемін деп суға құлаған. Алайда тұрғындар оны ажалдан арашалап қалды. Сол кезде ауыл халқы дүрлігіп, түсіріп алған бейнежазбаны желіге жүктеп, дабыл қаққан.

– Мен суға құлап, жарты сағат жағаға шыға алмадым. Сол жердегі адамдар көріп, құтқарып алды. Аяғым қақсап, ауырып жүрмін, – деді саяжай тұрғыны Айжан Сыдықбекова.

Ағаш тақтайларды ауыл адамдары жамап қойған. Бірақ мұның қашанға дейін шыдары белгісіз. Жергілікті жұрт «Талғар өзені арнасынан асса, өткелдің де бұзылары анық» дейді.

Рахат ауылдық округінің әкімі көпір Кеңдала ауылы мен Рахат елдімекенін жалғайтын өткел екенін растайды. Бірақ оның құжат жүзінде есепте жоқ екен. Оның айтуынша, ауылда үлкен көпір бар, бірақ ол тұрғындар үшін алыс. Саяжайға тек ауыл мәртебесі берілгенде ғана, жол мен жарық, оған қоса көпір де түсуі мүмкін.

– Өткен жылы су деңгейі көтеріліп, қолдан жасалған көпірді су ағызып кеткен. Көпір тіркеуде тұрған жоқ. Халық Рахат ауылына өту үшін жасап алған. Бұл жерге үлкен көпір салу қарастырылып жатыр, – деді Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Бөгісбаев.

Ресми санаққа сенсек, Рахат ауылында 3200 адам бар екен. Бірақ жергілікт жұрт 5 мыңға жуық тұрғын барын айтты. Ал көпірді уәде еткендер халықты қанша күттірері белгісіз. Оны ауыл басшысының өзі де білмейді.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты сот үкімі шықты

Новости партнеров