Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны жеке куәлігін ала алмай жүр

25.08.2022 21:21

Ес білгелі мал баққан бала мектепте оқымаған

Almaty.tv

Адам есебінде болғанымен, азамат санатында жоқ. Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны осы күнге дейін жеке куәлігін ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ес білгелі шалғай ауылда мал бағып нан тапқан бала мектепте де оқымаған.  

Бақдәулет Шегебайұлы мектеп табалдырығын аттайтын жасында күн көру үшін өзгенің малын баққан. Ересек өмірге ерте аяқ басқан ол білім де алмаған. Төлқұжаты да жоқ.

«Жағдай төмен болды. Әкем өзі темір қазып, Шардарада балық аулайтын. Сөйтіп күн көрген. Оқуға мүмкіндік болмады», – деді Түркістан облысының тұрғыны Бақдәулет Шегебайұлы.

Жастайынан қара жұмысқа жегілген жігіттің анасы Бақдәулеттің білім алмауына, құжатсыз жүргеніне «тұрмыстық жағдайды» себеп қылды. Оның айтуынша, 2005 жылы отағасы бақилық болып, күн көру қиындай түскен. Ал құжат жағын «реттеп беремін» дегендер құрғақ уәдеге қарық қылған көрінеді.

«Азаннан кешке дейін мал бақпады ғой. Тамақ ішіп болғаннан кейін Бақдәулетке қаламыңды алып, жаз дейтінмін», – деді Бақдәулеттің анасы Бақытгүл Жәнібекова.

Дәл қазір Бақдәулетте дүниеге келгенін ғана растайтын құжат бар.

«Жәнібек Бақдәулет есімді жігіттің мәселесіне байланысты Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 2000 жылы туған азамат Жаушықұм елді мекенінде тұрған екен. Ол жерде Жаушықұм мектеп-лицейі бар. Мектепке шақырту алған, алайда келмеген. Тек жеке куәлік алу үшін уақытша тұрып кеткені анықталды», – деді Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек.

Төлқұжатсыз сандалған Түркістан облысының тұрғыны опа таппаған соң заңгерге жүгінді. Алайда жеке куәлігі болмағандықтан өзі арыз қалдыра алмайды. Сондықтан туған анасы қасында жүруі тиіс.

«Істі жеке қадағалауға аламын. Бүкіл сұраныс хатты жолдаймын. Баланы құжаттандыруға заң аясында тегін кеңес беремін. Телефон арқылы қай жерге, қандай ұйымға бару керегін айтып отырамын», – деді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Бақытгүл Жәнібекова дәл қазір Түркістан облысында. Ал Бақдәулет елордаға «құжат жасату» үшін емес, күн көру қамымен ақша табу үшін аттаныпты. Енді оның қашан құжат алатыны белгісіз.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы