Ақшамыз ауада, өзіміз далада қалдық. Осылай деп арнамызға Тараздық бір топ тұрғын базынасын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар былтыр берілуі тиіс баспана әлі жоқ деп мұң шақты. Үйсіз-күйсіз қаламыз ба деп қорқады. Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан баспана пайдалануға неге берілмеді? Құрылыс қашан аяқталмақ? Қалалық әкімдікке келіп, жан-айқайын айтқан азматтарды өңірдегі әріптесіміз тыңдап көрді.
Тараздық Гүлмира Оңасбаева жер кезегін 17 жыл күткен. Кезегі келіп, бір жапырақ қағазға қол жеткізгенінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй соғуға ұсыныс түсіпті. Азаматша 4 жыл бұрын түскен бұл ұсынысты қуана қабыл алған. Алайда меншігіндегі жер телімінде құрылыс тек былтыр басталыпты. Мұнымен қоса мердігерге материал алу үшін 5 млн теңге берген. Өкініштісі, қазір жаңа үйдің қаңқасы ғана салынған. Өйткені құрылыс жылдар бойы тұралап тұр.
«Мемлекеттік бағдарлама болса, неге ақша алады? Үй-күйсіз жүрміз. Бәрі пәтер жалдап жүр», – деді қала тұрғыны Гүлмира Оңасбаева.
«Әкімнің орынбасары жиналысқа шақырып «Иванға 5 миллионнан беріңдер, ол кісі үй салып береді» деді. Енді сөзінен жалтарып отыр. Тентіреп жүрміз», – деді қала тұрғыны Мақпал Ноғайбаева.
Ал мердігер компания құрылысқа пандемия мен құрылыс заттарының қымбаттауы қолбайлау болғанын айтады. Оның айтуынша, әу баста атқамінерлер «5 млн теңгені өтеп береміз, еш уайымсыз құрылысты жүргізе бер» - деп сендіріпті. Бірақ түптің түбінде өзі де алданып қалғанын айтты.
«Маған сол тұста уәде берген басшылардың бәрі ауысып кетті. «Әкімдіктен демеу болады, алаңсыз жұмыс істей бер» деген еді. Енді 5 млн теңгені қайтарып бермей жатыр. Соттан да жеңілдім. Негізі мен келісімшартпен өзіме жүктелген міндетті орындадым. Басқасын білмеймін», – деді мердігер компания директоры Иван Макрушин.
Баспаналарын 5 жыл бойы күткендер әкімдікке кіріп, базынасын айтты. Ал қаланың жаңа әкімі жылдар бойы шешілмеген мәселені 1-2 күнде шеше алмайтынын айтып, бұқарадан бір апта уақыт сұрады.
«Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Заңға сай әрекет етеміз, өз еркімен орындауын талап етеміз», – деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Енді әкімдік екі тарап арасындағы келісімшартты заңгерлермен бірге қарап, таразыға салмақ.
Жомарт Есқара, Шерхан Абзалұлы, «Алматы» телеарнасы, Тараз