Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазір 4 өңірде ескерту жарияланды
Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар өңірлерінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Синоптиктер ел аумағының басым бөлігінде түнде үсік жүруі мүмкін деп болжам айтты. Қар мен көктайғақ кесірінен өңір-өңірде жол-көлік апаттары жиілеген. Әуе рейстерінің кешігуіне не кейінге шегерілуіне байланысты да жолаушыларға ескерту жасалып жатыр.
Әуерейстердің кешігуі, тіпті бағыт кестесінің өзгеруі қыс кезінде жиі болып жатады. «Air Astana» компаниясы биылғы жылдың 30-қазанынан бастап, келесі жылдың 25-наурызына дейін күзгі-қысқы навигацияға көшкенін хабарлап, ескерту жасады. Осы аралықта жұмыс жоспар бойынша жүргізілмей қалса, әуе компания жолаушылардың құқығын сақтауға міндеттеледі.
«Әуе компания кесірінен кешігу немесе орындалмаған жағдайда жолаушылардың барлық құқығын сақтауға тырысады. Яғни, әрбір екі сағат сайын салқындатылған сусын, әр төрт сағаттан соң ыстық тағам, күндіз 8-10 сағат кейін және түнде 8 сағат кейін қонақ үйге орналастырылады», – деді «Air astana» әуе компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірақымов.
Қар, жаңбыр салдарынан кешелі бері сәтсіз сапардың жиілеуі байқалған. Бір ғана Алматы қаласында соңғы тәулікте 160-тан астам жол апаты тіркелген. 50-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алды, біреуі апат кезінде тіл тартпай кеткен. Қар мен көктайғақ салдарынан Қарағанды облысында да кешелі бері 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жолдағы қауіпсіздік елордалық тәртіп сақшыларын да алаңдатып отыр.
«Астана қаласы аумағында 2 күнде 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 адам түрлі дене жарақатын алған. Жолда жүргізушілер, жаяу жүргіншілер жол ережесін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов.
Ал Қазгидромет мамандары алдағы 3 күнде елде жел күшейіп, тұман, көктайғақ болатынын ескертті. Солтүстікте, шығыста көктайғақ, орталықта қар жауып, жел күшеймек.
«Атмосфералық фронталды Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипатын анықтайды. Қар жауады. Тек еліміздің оңтүстік жоғары атмосфералық қысым әсерінен жауын жаумайды. Қазақстан бойынша тұман, көктайғақ, Солтүстіктің өңірдің жартысында бұрқасын болады. Республика бойынша температуралық өзгерістер күтіледі», – деді инженер - синоптик Ақмарал Смағұлова.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазір 4 өңірде ескерту жарияланды. Болжамға сай Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысында тұман түсіп, боран соғады. Ел аумағының басым бөлігінде түнде үсік жүруі мүмкін.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана