Қосановтың штабы шалғайдағы ауылдарға дейін барып, үгіт-насихат жүргізуде

29.05.2019 00:42

Ел президенттігіне үміткердің бірі – Әміржан Қосановтың аймақтардағы штабы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Кандидаттың Жамбыл облысындағы сенімді өкілдері елді аралап, сайлауалды бағдардаламаның негізгі бағыттарын түсіндіруді қолға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыстың штаб мүшелері бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, түйткілді мәселелерді шешудің жолын ұсынды.

«Штаб мүшелері, сенімді өкілдер қалалар мен аудандарда, тіпті алыс ауылдарға дейін барып, үгіттеу жұмыстарымен айналысуда. Сайлау науқаны басталғалы қол жинау, билбордтар ілу, үгіт материалдарын тарату сияқты жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Сенімді өкілдеріміз қазір күн-түн демей қаланың мөлтек аудандарын аралап, көшеде тұрғындармен кездесіп, халықпен үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Бақытжан МАҚАШЕВ.

Жиынға қатысқан азаматтардың арасында әр түрлі мамандық иелері бар. Сондықтан кездесуде қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік, экономикалық салалар талқыланды. Бұдан бөлек, тұрғындар саяси құжатқа қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныс білдіруге мүмкіндік алды.

«Халықтың ортасындамыз. Жұрт күнделікті хабарласып тұрады. Олардың сайлауға деген ынтасы жақсы. Штаб мүшелері, сенімді өкілдер қалаларда, аудандарда, тіпті алыс ауылдарға дейін барып үгіттеу жұмыстарымен айналысуда», –дейді ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Бақытжан МАҚАШЕВ.