Тұрғындар бағасы күнде көтеріліп жатқан өнім тіптен қолжетімсіз болып қала ма деп наразы
Атырауда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының өскендігі анық байқалады. Саудагерлер бұл тауарды жеткізушілердің қойған құнымен тікелей байланысты десе, жеткізушілер елдегі өндіріс орнынан қымбатқа аламыз деп ақталды. Соған байланысты саудагерлер жақын шет елдердің тауарын көтерме бағамен сатып алуға мәжбүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мұнайлы өлкеде әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік бағасының индексі жыл басынан бері 110,6 пайызды құраған. Күнделікті бағасы көкке көтеріліп бара жатқан өнім бір күні қолжетімсіз болып қала ма деп тұрғындар наразы.
«5 кг құмшекердің бағасы – 1600 теңге. Бұрын 900 теңгеден алатын едік. Мүлдем қымбаттап кеткен. Жақсы жұмыс істеп жатқандарға білінбес, ал жұмыс істемей жатқандардың қалай күнкөретінін білмеймін», – дейді қала тұрғыны Мәдина Тілеуғалиева.
Қырыққабат құны 49 пайызға көтерілсе, қарақұмық 32 пайызға жуықтағаны белгілі болды. Ал тауық еті мен сәбіз бағасы тіпті 31 пайызға артқан. Күнбағыс майы болса 30 пайыздан асып кеткен. Бұдан бөлек, ірілі-ұсақты тауарлардың да бағасы аспандап кеткен. Көтерме саудамен айналысатындар үстіне көп қоспайтындарын жеткізді.
«Ұннан жасалған тағамдар, әсіресе, Қазақстаннан шығарылатын тағамдар неге қымбаттап жатыр десек, қоспалары Еуропадан еуромен есептеліп келеді екен. Мына қаптарды да Ресейден әкелген. Бұрын 10 кг-ын 200 мың теңгеден сатып жүрдік, қазір 2200 теңгеден сатып жатырмыз. Себебі 2200 теңгеден келді», – дейді саудагер Орынбасар Жангутов.
Азық-түлікті жеткізушілер фермадан қымбатқа аламыз дейді. Ал саудагерлер соның кесірінен шетелден кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарларды алдыруға мәжбүрміз деп отыр. Ал әкімдік тұрақтандыру қорындағы 360 миллион теңгеге қосымша 240 миллион теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.
«Енді азық-түлік корпорациясы арқылы қосымша ұн алу жоспарланып отыр. Жыл аяғына дейін тағы 6 мың тонна қосымша ұн алынады. Биылғы жылы наубайханаларға әр келісі 145 теңгеден сатылды. Енді әлеуметтік нанның бағасы 90-100 теңгеден асып тұрған жоқ», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Қазақстандық құс шаруашылығымен айналысатын шаруаларға субсидия Жаңа жылдан бастап тоқтатылады. Осыған байланысты тауық жұмыртқасының бағасы 70 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген де ақпар бар. Тұрғындар мұны елімізден өндірілетін отандық өнімдерге халық тарапынан сұраныс болмай, шетелдің азық-түлігін толықтай тұтынуға бастайтын тура жол емес пе деген тұжырымға келіп отыр.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан