«Шошқа фермасы шырқымызды алды». Алматы облысы Райымбек ауылдық округінің тұрғындары жылдар бойы жағымсыз иіспен алысып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, санитарлық нормадан жұрдай көршілері шошқа бағып, ішек-қарнын көшеге төгеді екен. Ал былапыт қораға жапсарлас тұратын тұрғындардың жанайқайын жоғарыдағылар әлі естір емес.
Райымбек жұрты жағымсыз иістен жалыққалы жылдар болған. Талабын тыңдатпақ болып талай табылдырық тоздырыпты, алайда әзірге еш нәтиже жоқ.
Қолаңса иісі қолқаны алған қорада қазір оншақты шошқа бар. Жергілікті жұртқа зияны тиген фермада қамбар ата түлігі де қор болып тұр.
«Жиырма жылдай болды тұрып жатқанымызға. Шошқаның иісі жылда шығады. Есік терезелерімізді аша алмаймыз. Шошқалары шығып та кетеді. Мынау заборларын құртады, қайтадан жөндейді. Осы ғой арасы ашылып-ашылып қалған», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Гүлжахан Бибасарова.
Ал мына бейнедегі қанға ұқсас қалдықты ауыл тұрғындары дәл осы үйден ағып жатқанда түсіріп алыпты. Жағасын ұстаған жұрт желіге жүктеп, санитарлық бақылау қызметіне жүгінген екен.
«Бұл шошқа фермасы – он жылдай болды көтерліп келе жатқан мәселе. Санитарлық нормаға сәйкес емес. Біздің қолымыздан келетін сол, штрафын салып береміз, учаскелік инспекторлармен. Қан төккен. Оған да біз келіп, акт жасап анықтап, айыппұл салдық», – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов.
Әкімдік өкілдері аталған азаматтарға айыппыұл салдық десе де, ол кісілермен бүгін тек қоршаудың арғы жағынан тілдесе алдық. Есігін ашпады, тіпті учаскелік полицияның да талабын орындамады.
Қақпаның ар жағынан қаһарына мінген шошқа ұстаушылар жер телімінің жеке шаруашылыққа бағытталғанын айтып ақталып отыр. Алайда ауыл азаматтары учаскелік полицияға қайта арыз жазды.
Жергілікті билік пен полицияға талап қойған тұрғындар, бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтындарын айтты.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» теларнасы