Қауіпсіздік шараларын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Әр жердегі ахуал әр түрлі болғанмен карантин талаптары бәріне бірдей. Елордада қайта ашылған ойын-сауық орталықтарына келгендерге полицейлер медициналық бетперде таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауіпсіздік шараларын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал адамдардың арасында қашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер орнатылып, кіреберісте термометр мен санитайзерлер қойылған.
БЛИЦ:
1 Үйден шығып, кішкене көңіл-күй көтеріп, серуендеп шыққанымызға қатты қуаныштымыз. Себебі бір торға қамалғандай болдық, шынын айтқанда. Кең демалып, мынандай астананың салқын желін көрмегелі талай болыпты екен.
2 Бүгін мен Хан шатырға келіп, екі айлық карантиннен кейін далаға шығып, серуендеп, тауар алып, жақсы болып қалдық.
3 Екі ай болған жоқпыз мында. Екі ай. Шаршап кеттік. Бірінші күні келдік. Аяқкиім, ойыншық алуға келдік балаға.
Міне, осылай екі айлық оқшауланудан кейін қала тұрғындары сауда ойын-сауық орталықтарына қарай ағылып жатыр. Бүгін аталған нысандардың ашылғанына екінші күн.
Кіреберісте қойылған байланыссыз термометр келушілердің қызуын анықтайды. Ал медициналық бетпердесіз келгендерге кіруге рұқсат жоқ.
Қашықтықты сақтау жөніндегі белгілер эскалатор мен жеделсаты маңына, сондай-ақ бутиктердің жанында салынған. Ал бірқатар жерде санитайзерлер қойылған. Дүкендерге келушілерге де талап күшейтіліп отыр.
Сауда жасау үшін кезекте тұру қажет. Себебі дүкендердің аумағына байланысты кіргізілетін адамдардың саны шектеулі. Мәселен, 40-45 шаршы метр аумақты құрайтын сауда нүктесіне 5 адамнан көп кіруге болмайды.
Сауда орталығында тек киім-кешек пен тұрмыстық техника бутиктері, супермаркеттер мен дәріханалар жұмыс істейді. Балаларға арналған ойын-сауық алаңдар мен дәмхана, мейрамханалар әзірге қызмет көрсетпейді.
«Шамамен 200 бутик ашылып отыр. Барлық санитарлық талаптар сақталуда. Әр екі сағат сайын сауда орталығында біз дезинфекциялық жұмыстар жүргізудеміз. Келушілердің дене қызуын анықтайтын тепловизорлық камера қойылған. Егер тұтынушыларда дене қызуы болса, оқшаулап қол тепловизорымен қайтып тексереміз. Егер дене қызуы 37,5-тен жоғары болса, жедел жәрдем қызметін шақырамыз», – деді «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының әкімшісі Темірбек ШОҚАНОВ.
Ал елордалық тәртіп сақшылар сауда үйлеріне келушілерге бетперде таратты. Бұл тұрғындарды карантин режимі әлі де сақталып жатқанын еске салып, қарапайым сақтық шараларын ұстануын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген шара.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан