Алматының шет аудандарында полиция пункттері жоқ

08.08.2019 00:43

Мегаполисте көлік пен айна ұрлығының ашылу деңгейі тым төмен

Алматының шет ауданындарында қоғамдық тәртіп күзетілмейді. Ол жерлерде полиция пункттері мүлдем жоқ екен. Соның кесірінен тұрғындар қас қарая көшеге шығуға қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені қазір ұрлық-қарлық дендеп кеткен көрінеді. Оның үстіне бастарына іс түскендер учаскелік полицейді таппаймыз деп шағымданып отыр.

Алматының кенже аудандарынынындағы тұрғындардың бас қатырған басты мәселесінің бірі – қауіпсіздік. Өйткені қазір Наурызбай мен Алатау аудандарында полиция пункттері мүлдем жоқ екен. Соның кесірінен жергілікті жұрт учаскелік полицейлердің түрін де танымаймыз дейді. Ал тәртіп сақшыларының өздері телефоны мен мекен-жайы көрсетілген қағаздарды самса сататын дүңгіршектерге іліп қойыпты. Бірақ оның өзі оңып тұрған жоқ. Күн көзінен сарғайып, жазулары кетіп қалған.

«Шынымды айтсам, мен осында 13 жылдан бері тұрамын. Осы уақытта не бір учаскелік полицияны, не пунктті көрмеппін», – деді бір тұрғын.

«Біздің ықшамауданға бір пункт керек. Криминал барлық жерде бар, пәтерлерге күндіз кіреді. Өз үйімізге бірнеше рет кірген. Дер кезде хабарлайық десек, полиция қасымызда жоқ», – деді келесі тұрғын.

«Осындағы тұрғындар полиция пунктін ашып беруді талай жылдан бері сұрап келе жатырмыз. Бірталай хат та жаздық. Тіпті үйдің жертөлесінен орын берейік деп ұсындық. Бірақ талабымызға құлақ асқан ешкім жоқ. Бізде ұрлық көп, тал түсте пәтерлерді тонайды», – деді тағы бірі.

Полиция пунктінің жоқтығынан бастарына іс түскен халық қайда барып арызданарын да білмей отыр. Сондықтан үй маңынан арнайы бекеттер ашып беруді сұрауда. Ал, «Зерделі» ықшамауданы тұрғындарының сөзінше, пәтер ұрлығы көбейіпті. Бірақ, қанша арызданғанмен полиция қылмысты ашуға құлықсыз дейді.

«Қазір шынымен қорқынышты, тіпті аулада балаларды қалдыруға қорқасың. Өйткені адам ұрлап жатыр ғой, көбінесе балаларды. Полиция тек шақырсаң ғана келетін сияқты. Ал былай келмейді, патруль жасамайды», – деді аудан тұрғыны ағынан жарыла.

«Жергілікті полициялардың жұмыс істеп жатқанына көңіліміз толмайды, шақырсаң келеді, бірақ ешқашан нәтиже шығармайды. Саусақ ізін алады, бітті сосын көрмейсің», – деді тағы бір тұрғын.  

Құзырлылардың қызметіне қала тұрғындары тарапынан түсетін сын да азаймай тұр. Мегаполисте көлік пен айна ұрлығының ашылу деңгейі тым төмен деп, қоғамдық кеңеске шағымданғандар көп екен. Осыған байланысты кеңес мүшелері пагон таққандардың қызметіне бақылау жүргізген.

«Жақында ғана учаскелік полиция пункттеріне мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде Наурызбай мен Алатау ауданында тұрақты бекеттердің жоқ екенін анықтадық. Полиция қызметкерлері сол себепті маңайды көлікпен аралайды. Негізінде олар бір орында отырып халықты қабылдап, дер кезінде көмек беру қажет қой. Көлікпен жүрген тәртіп сақшысын тұрғындар қайдан табады? Оның үстіне қолданыстағы полиция пункттері еш талапқа сай емес. Тазалық бөлмесі қарастырылмаған», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Полиция департаментіндегілер бұл мәселенің барлығымен таныс екен. Қазір қаладағы полиция бекеттерін жаңартудың жобасы әзірленіп жатыр. Әрі алдағы уақытта стацинонарлардың санын көбейту көзделуде.

«Бүгінгі күні Алматыда 102 әкімшілік участок бар. Бірақ ол жерлерде тек 67 полиция пункті қызмет етуде. Бізге тағы 29 бекет қажет. Бұл мәселені шешу жолында жұмыстар атқарылып жатыр. Шет аудандарға және қылмыс көп болатын жерлерге учаскелік полиция пунктін ашуды бірінші кезекке қоямыз. Жоспарда нысандарды жалға алу бар. Қазір әкімдіктен 6 стационарлық кешен берілді. Оларды да іске қосамыз», – деді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметінің басшысы Төрехан ИСИН.

Алматыда күн сайын қоғамдық тәртіпті қоруға 2000-нан астам полицей шығады. Олардың 600-ге жуығы учаскелік полицей. Ал көшелер мен үй аулаларындағы тыныштықты күзету 500-ге жуық қызметкерге міндеттелген.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы