Жамбыл облысының тұрғындары шойын жолды жаяу кесіп өтуге мәжбүр

20.01.2023 00:43

Аудан орталығынан Аса ауылын 6 жолақтан тұратын теміржол торабы бөліп тұр

Almaty.tv

Аспалы көпір арманымызға айналды. Жамбыл облысы Аса ауылының тұрғындары теміржол өткелін салып беруді сұрайды. Өйткені 1,5 мың тұрғын күнделікті өмірін қауіпке тігіп, шойын жолды жаяу кесіп өтуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аудан орталығынан Аса ауылын 6 жолақтан тұратын теміржол торабы бөліп тұр. Бұл маңды жергілікті халық Шанхай шағынауданы деп атап кеткен. Маңызды нысан, ғимарат, бала-бақша оң жақ бөлікте орналасқандықтан жергілікті тұрғындар темір жолды күнделікті кесіп өтеді.

– Жылда аспалы көпір салынады деп уәде береді. Немерелерім балабақшаға, сабаққа барады. Пойыз көп өткенде күтіп тұрамыз. Өте қиын

– Кейде пойыз тұрады. Олар жүргенше оқушылар күтеді. «Оқушы сабаққа неге кешігеді?» деп мұғалімдер ұрсады. Қазір бос тұр, пойыз келгенде 10-20 минут күтіп тұрады.

– Біз үйреніп қалдық, бірақ мектеп оқушыларына қиын. Күніне кейде 2-3 жолақ жабық тұрады. Ондай кезде вагонның астынан өтуге мәжбүрміз

Ал қауіпсіз жолмен жүру  үшін тұрғындарға 1-1,5 шақырым жолды айналып өту керек. Асалықтарды мазалаған бұл мәселеден әкімдік хабардар екен. «Құзіретімізге сай жұмыс  атқардық» деген олар қазынадан қаржы бөлінбей жатқанын айтты.

«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Ол 207 млн теңге көлемінде қаржыны қажет етеді. Облысқа бюджеттік өтінім бердік. Бүгінгі күнге ол мәселе шешімін таппай тұр. Бірақ экспертизадан жобалық-сметалық құжаттама өтіп, дайын тұр», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.

Жергілікті биліктің айтуынша, көпір жақын арада салынбайды.

Жомарт Есқара, Тілеуқабыл Саржан, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан