Жер сілкінісінің ошағы болған көршілес мемлекетте 400-ден аса афтершок тіркелген. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстанды, Қытай мен Өзбекстан аумағын қамтыған дүмпуден зардап шеккендердің нақты саны әлі белгісіз. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен түні дүмпу қуаты қатты болғандардың бірі – қырғыз елі. Ыстық көлге қарайтын Жеті өгіз ауданының аумағында жер сілкінісі 6 балға дейін жетіпті. Қаракөл, Қаджысаяда 4,5, Нарында 4 балл сезілген. Елдің ресми органдары зардап шеккендер жоқ дейді. Төтенше жағдайлар министрі «бірақ қауіп сейілді деп, арқаны кеңге салмаңыздар. Қай сәтте де қауіпсіздік сақтау қажет» деді.
– Қатты дүмпулер Жеті өгіз, Ақсу аудандарында байқалды. Ал ел астанасы Бішкекте 4 балдың айналасында сезілді. Қазіргі таңда аталған өңірлерде айтарлықтай апатты жағдай байқалмайды, – деді Қырғызстан ТЖМ Бообек Ажикеев.
Қытай-қырғыз шекарасы эпицентр деп танылған сілкініс Өзбекстанға да жетіпті. Ташкент тұрғындары мұндағы дүмпуді шамамен 15 минуттан соң сезген. Жергілікті ақпарат агенттіктері Әндіжан, Ферғана мен Наманган облыстарында 3-4 балл байқалғанын айтты. Тербеліс аса сезілмегенімен, бірнеше рет афтершок болған.
Түндегі дүмпуден көп шығын көрген ел – Қытай. Ресми ақпарға сүйенсек, Шыңжаң-Ұйғыр автономиясына қарасты аумақта 120-дан аса ғимаратқа зақым келіп, оның 47-сі мүлдем қираған. Жылыжайлар қайта жөндеуді қажет етеді.
– Қытай халқы 7 балдық дүмпуді сезінді. Ел билігі жаппай шығынның алдын алу үшін жұмыс істеп жатыр. Жапа шекті делінген 6 азаматымыз бар, оларға тиісті көмек көрсетіледі. Жер сілкінісі туралы ақпар түсе салып, эпицентрге 200-ге жуық құтқарушыны жөнелттік. Жағдай бақылауда, бірақ азаматтарды абай болуға шақырамыз! – деді ҚХР СІМ ресми өкілі Ван Вэньбин.
Еске салайық, жер сілкінісінің негізгі ошағы – Қытай мен Қырғызстан шекарасы. Дегенмен Алматы жұрты арадағы 264 шақырым алшақтыққа қарамастан, дүмпуді сезді. Алдын ала болжамға сәйкес, түндегі табиғи апатқа тектоникалық плиталардың жылжуы себеп болған.
– 400-ден астам ілеспе дүмпулер болған. Оның көбі сезілмейді. Сілкініс болған ошағы – Көкшалтау тау жоталарына жатады. Ол жерде елдімекендер жоқ. Мүмкін, ілеспе, сырғыма сынды геологиялық құбылыстар болған шығар. Оны кейін зерттей келе, сол жердің мамандары айта жатар. Ал жақын орналасқан елдімекендердегі шығын туралы бізде мәлімет жоқ, – деді «Сейсмология институты» ЖШС директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.
Жер сілкінісінің ошағы болған маңда 400-ден аса афтершок тіркелген. Қазір жалпы жағдай тұрақты. Ал елдегі сейсмологтар эпицентрге қатысты қандай да бір болжам жасауға әлі ерте деп атап өтті.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі: Алматыда 384 қауіпсіз орын ашылған