Алматыда бір түнде 384 қауіпсіз орын ашылды. Тұрғындардың уақытша тұрақтауына мүмкіндік беретін аумақтар мектеп, балабақша, колледждерде жасақталды. Олар сейсмикалық қауіпсіз орын саналады. Мегаполистегі қабылдау пункттеріне 11 мыңнан астам адам жүгінсе, олардың үш жарым мыңы - бала, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – қаладағы №69 мектеп. Қандай да бір жағдай болса, жақын маңда тұратындар келіп, уақытша тұрақтай алады. Күні кеше білім беру ұйымының директоры оларды бөлмесі кең мәжіліс кабинеті мен спорт залына орналастырған. Қалада бір жарым сағат ішінде осындай 384 орын ашылды. Басты мақсат – мегаполис жұртын қыс мезгілінде сыртта қалдырмай, жайлы жағдай жасау.
– Қаладағы барлық қабылдау пункттерінде алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар болды. Біздегі барлық қызметкер төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек екенін біледі. Шеберлік сағатын өтіп тұрады. Сондай-ақ мектеп ауласындағы аумағы кең спорт алаңы да қауіпсіз орын саналады. Онда төтенше жағдайлар қызметкерлері қажет болған жағдайда шатырын құрып, тұрғындарға көмек көрсете алады, – деді№69 ЖББ мектеп директоры Сәуле Төреқұлова.
Төтенше жағдайға дайын болудың тағы бір жолы – қауіпсіздік сөмкесін алдын ала дайындап қою. Мұндай шұғыл жағдайда қажет заттың бәрі болуы керек. Мамандардың айтуынша, арнайы сөмке әр үйде болғаны абзал. Ол есік алдында немесе көзге көрінетін жерде тұруы тиіс.
– Су болуы керек. Үйіндінің астында қалып кететін болса, өзінің бар екендігін білдіретін ысқырық және фонарь, жарық шам, бетперде қажет. Сондай-ақ тамақтанатын, консерві ысытатын болсаңыз, арнайы жасалған оттық та керек. Үстіне тамағыңызды ысытып жей аласыз, – деді «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ педагог-психологы Ләззат Исабаева.
Қаладағы «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеу орталығында» жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылды үйрететін арнайы бөлме бар. Мұнда мемлекеттік қызметкерлерден бастап түрлі саланың өкілдері мамандардан сабақ алып тұрады. Осылайша, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіптің алдын алуға қамданады.
Үйде жер сілкінісі болғанын байқасаңыз, жоғары қабаттан бірден төмен түсуге асықпаңыз. Пәтердегі ең қауіпсіз орындардың бірі – есік жақтауы. Яғни, табалдырықтың үстіне осылай тұрып есікті тіреп, ұстап тұрғаныңыз дұрыс. Сондай-ақ үстелдердің астына тығылуға болады. Үйдің бұрыштары да қауіпсіз орын саналады. Бастысы, пәтердің ортасында тұрмағыныңыз абзал.
Жер сілкінісі кезінде заттарды жинауға уақыт жұмсамау керек. Бастысы - құжат пен ақшаны алған дұрыс. Жеделсатыны пайдалануға мүлде тыйым салынады.
Мамандар «үрейге бой алдырмау керек» дейді.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Еліміздегі сейсмология институтына қаржы бөлінеді