Ветеринарлар әлеуметтік желіде тараған 12 итті аулаған
Алматы облысы Талғар қаласының тұрғындары қаңғыған иттердің кесірінен балаларын сабаққа жіберуге қорқады. Тіпті соңғы уақытта төбеттер топтасып жүріп адамға шабуыл жасайтынды шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл видеода оқуға асыққан мектеп баласы өзін бас салған бір топ иттен қашып әрең құтылады. Балағына жармасқан төбеттерден жасөспірім жеңіл мәшіненің үстіне шағып әрең аман қалады. Ал дәл осы аулада тұратын тұрғындар қабаған ит қаптағалы қалаға шығудан қорқатынын айтты.
– Аулада ит қаптап жүреді. Ертеңгісін балаларды мектепке, балабақшаға апарамыз. Жеке жіберуге қорқамыз, – деді Талғар қаласының тұрғыны Хадиша Бөденбаева.
– Баланы қауып алса, балаға зақым келуі мүмкін. Одан неше түрлі ауру пайда болады, – деді Талғар қаласының тұрғыны Гүлжахан Нұрмолдаева.
Қаңғыған ит қапқан тұрғындар талабын айтып талай тиісті орындарға да барған. Оқушылардың зәресін алып, жабыла жүгіретін жабайы иттер уақытылы жиналмайтын қоқыс жәшіктеріне үйір көрінеді. Сондықтан жұрт жергілікті коммуналдық шаруашылық қызметінің де жұмысын сынға алды.
– Қоқыс күнделікті жиналады. Жеке сектор болғандықтан күндіз-түні қоқысты осында тастайды. Тек техника сынған жағдайда қоқыс уақытылы алынбауы мүмкін, – деді Талғар қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Матан.
Ал ит аулау бригадасы барынша жұмыс істеп жатырмыз деп жаттанды жауабын қатты. Бірақ атуға құқығы болмаған соң, жылқы ұстағандай құрық қана сала алады. Ал құрығына ілінбей кеткендер қоғамның зәресін алып отыр.
– Әлеуметтік желіде Талғар ауданында балаға шабуыл жасаған 12 итті ауладық. Біз аулаймыз, бірақ еріктілер қарсылық білдіреді. Осы мәселені де қарастырған жөн. Желтоқсан, қаңтар, ақпан – иттің құтыратын кезі, – деді «Талғар ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК Ит аулау бригадасының басшысы Мұрат Құдайбергенов.
Ветеринарлар 12 итті аулағанмен видеодағы төбетті санай алмаған секілді. Себебі оның саны 15-тен асады. Ал жалпы бір жылда Талғар ауданында 2266, қаладан 330 ит ауланған. Бірақ тұрғындар ит асырап қараусыз қалдыратындықтан, қаңғыбас төбеттердің саны көбейетінін ескермейді.
Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: 2024 жылы қанша киік аулауға рұхсат етіледі